Еліміздегі майнерлер электр қуатынан ажыратылуы мүмкін

Еліміздегі майнерлер электр қуатынан ажыратылуы мүмкін
Сурет: 2bitcoins.ru

Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда майнерлер елде тапшылық туындаған жағдайда электр қуатынан ажыратылуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Кімдер майнер деп танылатыны туралы ереже әлдеқашан қабылданған. Бірақ елде электр энергиясы тапшы болса, оларды өшіруге құқығымыз бар. Яғни, олардың жұмыс істеуге деген сөзсіз құқығы жоқ», - деп түсіндірді ведомство басшысы Мәжілістің Үкімет сағатынан кейін.

Министрдің айтуынша, ведомство QazaqGaz ұлттық компаниясымен бірлесіп тұтынушылардың жаңа санаттарын: ірі коммерциялық тұтынушыларды және цифрлық өндірумен айналысатын тұлғаларды заңнамалық тұрғыдан енгізу мәселесін пысықтап жатыр.

1 қаңтардан бастап Қазақстанда цифрлық майнинг алымы енгізілді. Ол тұтынылған электр энергиясының нақты мөлшері үшін алынады. 2022 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша төлем ретінде бюджетке 652 миллион теңге түскен.