Еліміздегі әкімдердің орташа жасы - 52,7

Еліміздегі әкімдердің орташа жасы - 52,7
Сурет: Inbusiness.kz

Ranking.kz компаниясы өңір әкімдерінің жасы мен олардың осы қызметте отырған уақытына зерттеу жүргізді.

Биылғы 17 қаңтардағы жағдай бойынша, ҚР өңірлері әкімдерінің орташа жасы 52,7 жасты құрады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Еліміздің ең кәрі әкімі Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысын басқарады. Әкімнің жасы – 68,6-да. Екінші және үшінші орында жаңадан құрылған Жетісу облысын басқарып отырған Бейбіт Исабаев (60,1 жаста) пен Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов (59,7 жаста).

Ең жас өңір әкімі – Мұрат Әйтенов (41,2 жаста), ол республикалық маңызы бар Шымкент қаласын басқарады. Жас әкімдердің қатарында сонымен қатар Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов (43,5 жас) пен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов (44,1 жас) та бар.

Еліміздегі ең жас әкім Мұрат Әйтенов 38 жасында қызметке кіріскен. Бұл әкімдердің қызметке кіріскен уақыттағы жастарының ішінде де ең жасы. Әйтеновтің өңір басшысы лауазымындағы қызмет мерзімі 3 жыл. Атырау және Павлодар облыстарының әкімдері де қызметке кіріскен кезінде ең жас әкімдердің қатарында болды: тиісінше 42 және 44 жас.

Шығыс Қазақстан облысын басқарып отырған Даниал Ахметов бұл қызметте 8,2 жыл (ең ұзақ мерзім) қызмет етті. Ол облыс әкімі қызметіне 60 жасында кірісті.

Қазіргі қызметінде ең аз уақыт отырған әкім – Астана әкімі Жеңіс Қасымбек пен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. Екі әкім де жақында – 2022 жылдың 8 желтоқсанында, бір айдан сәл астам уақыт бұрын ғана қызметіне кірісті.