Елімізде журналистердің мәртебесін белгілейтін заң жобасы дайындалып жатыр

Елімізде журналистердің мәртебесін белгілейтін заң жобасы дайындалып жатыр
Сурет: Kazakh24.info

Мәжіліске масс-медиа туралы заң ұсыну жоспарланып отыр - министр. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Түркістан облысындағы БАҚ басшыларымен кездесуінде көпшілікті бүгінгі күні министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Elorda.info сайтына сілтеме жасап.

Сондай-ақ журналистерді дайындау мен біліктілігін арттыру және статусын көтеру тұрғысынан жүзеге асатын жобалар туралы айтты. 

«Мәжіліске ұсынылуы жоспарланып отырған масс-медиа туралы заңның басым бағыты бұл журналистердің статусын көтеруге бағытталған. Біріншіден, журналистерге әлеуметтік жағдай жасау көзделіп отыр. Бірақ бұл журналистің сөз бостандығын шектемейді. Жеңілдетілген несие алуына, баспанамен қамтылуына мүмкіндік береді», – деді ол. 

Сондай-ақ министр заң жобасына сәйкес БАҚ өкілдерінің ақпаратқа қолжетімділігі артатынын айтып өтті. 

«Журналиске берілетін жауаптың мерзімін қысқартуды ұсынып жатырмыз. Журналисттік зерттеуге қатысты болатын кез келген ақпаратқа журналист жеңіл қол жеткізуі керек», - деді министр. 

Кездесуде Дархан Қуандықұлы бас редакторлардың ұсыныстарын тыңдап, аудандық, қалалық басылымдардың жай-күйіне қатысты туындаған сұрақтарға кең көлемде жауап берді.