Елімізде жылына 600-ге жуық бала қатерлі ісік дертіне шалдығады

Елімізде жылына 600-ге жуық бала қатерлі ісік дертіне шалдығады
Сурет: Ratel.kz

Қатерлі ісік терапиясының тиімділігі - уақытылы жасалған диагнозда

Өткен жылы бұл диагноз 591 балаға қойылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басшысы Диляра Қайдарованың айтуынша, қатерлі ісікке шалдыққан балалардың 40%-ына лейкоз (ақ қан ауруы) диагнозы қойылады. Балалар онкологиясының жалпы құрылымында ми ісіктері, нейробластомалар, лимфомалар және ретинобластомалар басым.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының балалар онкология орталығында жылына 200-ге дейін бала емделеді.

«ҚазҒЗИ балалар онкологиясы орталығы 20 балаға арналған. Заманауи құрал-жабдықтардың арқасында біздің орталықта балаларға нақты диагностика жасалып, сәулелі және химиялық емдеу шаралары жасалады. Атап айтқанда, позитронды-эмиссиялық томография, сәулелендіру аппараты әлемде 8 елде ғана бар. Томототерапия арнайы балаларға арналған. Емдеу шараларының барлық түрі балалар үшін тегін», – дейді Қазақ онкология және радиология ҒЗИ АҚ басқарма төрайымы Диляра Қайдарова.

Оның айтуынша, баладағы онкологиялық ауруды анықтау өте қиын. Сондықтан ата-аналар балаларының денсаулығына өте мұқият болуы керек. Қатерлі ісік терапиясының тиімділігі уақтылы диагнозға байланысты екенін есте ұстаған жөн.

«Бүйрек ісігін ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) арқылы анықтауға болады. Енді әрбір бала ай сайын емханада скринингтен өтуі керек. Бұл скринингтер ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Әйел өзін күтуі керек, жүктілік кезінде міндетті түрде ультрадыбыстық зерттеу скринингінен өтуі керек», – деп атап өтті онколог.