Елімізде жемқорлардың реестірі пайда болуы мүмкін

Елімізде жемқорлардың реестірі пайда болуы мүмкін Сурет: Inform.kz

Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата мүшелері парламентшілермен және сарапшылармен бірлесіп сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді талқылады.


Отырыс Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның төрағалығымен және Мәжілістің вице-спикері Дәния Еспаеваның қатысуымен өтті. 3 кодекс пен 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Негізгі өзгерістердің қатарында сыбайлас жемқорлардың реестрін енгізу және пара беру туралы ұсыныс пен уәде үшін қылмыстық жауапқа тарту қарастырылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 



Заң жобалары нормаларымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов таныстырды. Ол түзетулер арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы ішінара іске асырылатынын атап өтті. Негізгі заң жобасы 6 бағытты қамтиды. Олардың қатарында сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу, ұсыныс пен уәде үшін қылмыстық жауапқа тарту. Сондай-ақ, пара алуға, сұрауға немесе талап етуге келісім беру тағы сол сияқты. Өзгерістер мен толықтырулар 3 кодекске, 5 заңға және әкімшілік кодекске енгізіледі.


Баяндаманы тыңдағаннан кейін қоғамдық палата мүшелері мен шақырылған қатысушылар түзетулерге қатысты өз пікірлерін білдірді.


Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова заң жобасын қолдады. Оның пікірінше, бастама уақыт талаптарына сәйкес келеді, алайда ұсынылған нормаларды тиімділік тұрғысынан қайта қарау қажет.




«Заң жобасын тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қарап, елдегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетуге және алдын алуға не әсер етуі мүмкін екенін жалпы талқылау қажет. Бұл ретте қазіргі редакцияда жоқ азаматтық қоғамның қатысу тетіктері көзделгені маңызды. Сонымен қатар, наурыз айынан бастап «Қоғамдық бақылау туралы» заң күшіне енеді», – деп атап өтті Зәуреш Батталова.




Сонымен қатар заң жобасында іскерлік және саяси сыбайлас жемқорлық жөніндегі нормалардың жоқтығына назар аударды. Одан бөлек, З. Батталова заң нормаларына түзетулер енгізумен бірге сыбайлас жемқорлықпен күресте сараптаманың рөлін күшейту қажет екенін атап өтті.


Заң жобаларын оңтайландыру бойынша Мәжіліс депутаттары Марат Бәшімов пен Екатерина Смышляева, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің директоры Дидар Смағұлов, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс басшысы Мэлс Семғалиев тағы да басқа жиынға қатысушылар пікірлерін білдірді.


Алматы жоғары басқару мектебінің президенті Қанат Нұров бопсалау арқылы пара алып немесе пара бергені үшін қылмыстық жауапкершілікті нақтылау қажет дейді. Өйткені амал жоқтығынан пара берушілер тергеушімен тілдеспей тұрып, айыптау бабы бойынша бірден қамауға алынады.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев құқық қолдану практикасының проблемаларына тоқталды.


Мысал ретінде «әкім лауазымын сату туралы» белгілі істі келтірді. Яғни әкім болғысы келетін адам ақша үшін зардап шеккен деп танылды, бірақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылмады.




«Атышулы істерге қатысты құқық қолдану практикасын талдау енгізілсе. Әйтпесе заңдар жазылады, ал орындалуы абсурдқа әкеліп жатады. Нормаларды қатаңдатуға қатысты заңнамаларға өзгеріс енгізбес бұрын, осыған дейін іс жүзінде қай жерлерден қате кеткенін қарастырайық», – дейді саясаттанушы.




Жиынды қорытындылай келе Айдос Сарым талқылауға қатысушыларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі заң жобалары бойынша белсенді жұмыс істеуге шақырды.
Сондай-ақ, Мәжіліс жанындағы қоғамдық палатаның құрамы жаңартылды. Болатбек Нәжіметдинұлы мен Гаухар Танашеваның орнына Жұлдыз Сүлейменова мен Ирина Смирнова келді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

23:08

22:54

22:42

20:45

20:38

20:24

19:58

19:38

18:50

18:41

18:25

18:07

17:53

17:41

17:28

17:10

17:09

16:34

16:25

16:18

16:09

16:07

15:22

14:48

14:38