Елімізде жаңа туристік бағыттарды құру және жайластыру мәселелері талқыланды

Елімізде жаңа туристік бағыттарды құру және жайластыру мәселелері талқыланды
Сурет: Inform.kz

Ел аумағын қамтитын ірі туристік бағыттар жасақтау ұсынылды.

Бүгін Алматыда туроператорлармен, бизнесмендермен, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ және Алматы қаласы мен облысы әкімдіктерінің өкілдерімен кездескен Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жаңа туристік бағыттарды құру және жайластыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Біз шет елдердегі көптеген гранд турларды білеміз. Мысалы, Швейцарияда бүкіл ел аумағын қамтитын үлкен тур өтеді. Оны туристер бөліп-бөліп немесе толығымен өткізе алады. Осылайша, бір саяхатта бүкіл бағытты біле аласыз. Маршрут бойында түрлі тақырыптарға арналған, көліктің әр түрімен ұйымдастырылатын, бірнеше іс-шара ұсынатын турлар құрылуы мүмкін», - деп атап өтті министр.

Министрлік осы бағыттарды жоспарлы түрде дамытуды ұсынады. Алдымен, таңдалған маршруттарды абаттандыру, екінші кезеңде «жұмсақ» инфрақұрылымды және маршруттарды сапалы тұрғыда дамыту. Келесі кезең – туроператорлармен бірге мақсатты түрде турларды белсенді жылжыту. Бұған дейін «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Аманбаев пандемия салдарынан отандық туризм миллиардтаған шығынға батқанын мәлім еткен.