Елімізде заңға қайшы 700-ге жуық интернет-ресурстың жұмысы шектелді

Елімізде заңға қайшы 700-ге жуық интернет-ресурстың жұмысы шектелді
Сурет: Inform.kz

Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпарат комитеті хабарлады.

Қазақстанда заңға қайшы 673 интернет-ресурс пен сілтемелерді таратуға шектеу қойылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ақпарат министрлігі республикалық және өңірлік баспа БАҚ, телеарналар, отандық және шетелдік ресурстарды бақылап отырады.

Комитет Қазақстан заңнамасының талаптарын сақтау тұрғысынан әлеуметтік медианы қоса алғанда, ақпараттық алаңға тұрақты негізде мониторинг жүргізетінін атап өтті.

«2022 жылғы 1-30 сәуір аралығында «Байланыс туралы» заңның 41-1 бабы 1-1 тармағына сәйкес уәкілетті органның ұйғарымымен 673 интернет-ресурс пен сілтемелерді таратуға шектеу қойылды», - делінген хабарламада.

Олардан мынадай заң бұзушылықтар анықталды:

экстремизмді насихаттау – 5;

порнография тарату – 133;

есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын насихаттау – 20;

ойын бизнесі – 272;

жарнама – 24;

әкімшілік құқықбұзушылық – 4;

алаяқтық – 197;

баланың денсаулығына, адамгершілік және рухани дамуына зиян келтіретін ақпаратты орналастыру – 18.