Елімізде ұшақ билеттері арзандайды

Елімізде ұшақ билеттері арзандайды
Сурет: Aikyn.kz

Келесі жылдан бастап елімізде әуе көлігіне билет құны арзандайды.

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Сенаттың жалпы отырысында журналистер Қазақстанда әуе билеттерінің неге қымбат екенін сұрады.

«Баға белгілеудің динамикалық жүйесі бар. Үш ай бұрын сатып алсаңыз, билет 12-15 мың, қазір сатып алсаңыз, 50-60 мың, одан да жоғары болуы мүмкін», - деп жауап берді Қайырбек Өскенбаев.

Сондай-ақ ол Қазақстанның арзан авиакомпанияларды тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде айтты.

«Қазір тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бізде ұлттық оператор сегменті бар, сондай-ақ лоукостер сегменті ескерілген. Атап айтқанда, «ашық аспан» режимі аясында жолаушыларды тасымалдауға қатысты тиісті рұқсат тәсілдерін енгіземіз. Мәселен, лоукостерлер бір елден ұшып келіп, біздің ел арқылы басқа мемлекетке сапарлай алады, яғни Еуропаға немесе Түркияға әуе көлігімен бару мүмкіндігі қамтылмақ. Лоукостер болғандықтан, билет құны әлдеқайда арзан болады. Бұл қадамдарды келесі жылдан бастап іске асыру жоспарланып отыр», - деді министр.

Ол лоукостер әуекомпанияларының қызметі басқаша болатынын, бірақ қазақстандықтар әлем мойындаған әуе компанияларында ұша алатынын түсіндірді.