Елімізде вахталық әдіспен істейтін жұмысшыларға қай өңірде ең жоғары жалақы төленеді?

Елімізде вахталық әдіспен істейтін жұмысшыларға қай өңірде ең жоғары жалақы төленеді?
Сурет: Buhgalteria.ru

HeadHunter онлайн платформасы Қазақстандағы вахталық әдіспен жұмыстың 2022 жылғы қорытындысын шығарды.

2022 жылы жалпы ел бойынша бүкіл бос жұмыс орындарының шамамен 4% немесе 20 мыңнан астамы вахталық жұмыс болды. 

Вахтада істейтін қызметкерлерге ең үлкен сұраныс Атырау облысында тіркелді. Одан кейін Қарағанды (12%) және Алматы (7%) тұр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Elorda.info сайтына сілтеме жасап.

Вахталық жұмыс іздегендер ішінде ең белсендісі Астанада – 27%. Жұмыс іздеуден Алматы, Ақтөбе және Ақтау вахташылары да қалыспайды – түйіндеменің 7-12% осы қалаларға тиесілі. 

Вахта қызметкерлеріне ең үлкен сұраныс мына салаларда: 

- құрылыс, пайдалануға беру, жобалау; 

- өндіруші сала; 

- металлургия, металл өңдеу. 

Алайда, басқа мамандық өкілдеріне де жұмыс көп, олар – аспаздар, күзетшілер, күтушілер, бағдарламашылар, дәрігерлер, тіпті сатушыларға да вахталық ұсыныстар бар. 

2022 жылы вахта жұмысшысына орта есеппен 350 мың теңге жалақы ұсынылды, бұл – ел бойынша орташа көрсеткіштен жоғары. 

«Ең қымбат» вахта жұмысының рейтингін Атырау мұнай-газ саласындағы жобалау инженері бастап тұр – оған компания 1 600 000 теңгеден аса еңбекақы төлеуге дайын. 

Екінші орында – Теңіз кентіндегі кәсіпорында ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ бойынша менеджер (айлық 1 500 000 теңгеден жоғары). 

Үшіншісі – Қарағандыда технологиялық жабдықтар мен құбырларды дәнекерлеуші, жалақысы 1 300 000 теңгеден басталады.