Елімізде тағы бір қант зауыты іске қосылады

Елімізде тағы бір қант зауыты іске қосылады
Сурет: ElDala.kz

Қазір елде 30 мың тонна қант қоры бар.

Қазақстанда 2 қант зауыты тұрақты жұмыс істеп тұр, мамыр айында тағы біреуі іске қосылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова мәлім етті.

«Бүгінде елімізде 30 мың тонна қант қоры бар. Бұл - өндіруші зауыттардағы қант көлемін есептемегенде. Қазіргі уақытта Тараз және Көксу қант зауыты тұрақты жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, мамыр айында Мерке қант зауыты іске қосылады деп отырмыз. Осылайша, 3 өндіріс орны ішкі нарықты қантпен толық қамтиды» , - деді Назгүл Хатепова.

Министрлік өкілі келтірген статистикаға сәйкес, еліміздің жыл сайынғы қант тұтыну қажеттілігі - 530 мың тонна.

«Оның ішінде 380 мың тонна импортқа тиесілі. Елімізге өнімнің 85 пайыздан астамы Ресейден келеді. Аталған елдің қантты экспорттауға шектеу қоюы, біздің нарыққа әсерін тигізді. Дегенмен, біз бұған дейін де айтқанбыз, Қазақстанда қант тапшылығы жоқ. Сонымен қатар, біздің министрлік Еуропалық экономикалық комиссиямен бірлесіп, елімізге сырттан қантты баж алымынсыз жеткізуге қосымша квота бөлу мәселесін қарастырып жатыр» , - дейді ол.