Елімізде тағы бір кәсіпқой футбол клубы құрылады

Елімізде тағы бір кәсіпқой футбол клубы  құрылады
Cурет: 24 kz

Жезқазғанда сонау Кеңестік кезеңде бүкілодақтық турнирлерде жүлде салған «Еңбек» футбол командасы қайта құрылмақ.

Қазірдің өзінде ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті. Облыс әкімдігі мен Қазақстан футбол федерациясы арасында екіжақты меморандумға қол қойылды. Келісімге сәйкес 2023 жылдың наурыз айына дейін жаңа команда жасақталады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

"Кәсіби команда мен бапкерлік құрамды қалыптастыру толығымен демеушілер есебінен жүзеге асады. Өңірдегі футбол стадиондары мен жаттығу базаларының да материалдық жағдайына баса көңіл бөлінбек. Жаңа команданың атауы «Еңбек» болып қалуы немесе өзгеруі де мүмкін. Оны жанкүйерлер арасында сауалнама жүргізу арқылы анықтайды. Футбол клубы алдындағы басты мақсат – алдағы 2-3 жылдың ішінде Қазақстан Премьер-лигасына шығу", - дейді басы-қасындағылар. 

«Мен кезінде, 1996 жылы, «Еңбек» командасында доп тепкем. Біз команданы 1-ші лигадан жоғары лигаға өткіздік. Кейінгі жылдары көптеген қиындықтар орын алды. Соңғы 12 жылдың көлемінде бұл өңірде үлкен футбол мүлде болған жоқ. Енді, міне, бәріміз бірлесіп, күш біріктіріп, қысқа мерзімде Ұлытау облысындағы кәсіби футболды дамытамыз деп ойлаймын», - дейді футбол ардагері Талғат Байсуфинов.