Елімізде тағы бір кәсіби мереке енгізілуі мүмкін

Елімізде тағы бір кәсіби мереке енгізілуі мүмкін
Сурет: Google.kz

Депутат Екатерина Смышляева ветеринар мамандардың кәсіби мерекесін бекіту керектігін айтты.

Бүгін төменгі палатада ветеринария саласын реформалау мәселесі қаралып, Мәжіліс депутаттары ветеринарлардың кәсіби мерекесін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Бүгінде кәсіби мерекелер қатарында ветеринар күні жоқ. Осыдан-ақ біздің және мемлекеттің ветеринар мамандығына деген қарым-қатынасын байқауға болады. Мысалы, қаржыгер мен есепшілердің бірнеше мейрамы бар. Ал мал дәрігерінің атаулы күні жоқ. Сонда бұйрыққа жазылатын он бес әріпті аяп отырмыз ба?» - деді Смышляева.

Айтуынша, оған ешқандай шығын шығарудың қажеті жоқ. Демалыс күні де енгізілмейді.

«Осыны жасасақ, ветеринарларға жағымды жаңалық болады. Олар елдің азық-түлік және жануарлар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр ғой», - деп түйіндеді депутат.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев депутаттың ұсынысын қолдады. Оның айтуынша, алдағы уақытта министрлік бірқатар ведомстволық награданы бекітуді жоспарлап отыр. Оған «Құрметті ветеринар» атағы да енгізіледі.

«Кәсіби мерекені де барынша қолдаймыз. Тиісті ұсыныстар енгіземіз», - деп атап өтті Қарашөкеев.