Елімізде пияз бағасын қалай тұрақтандыруға болады?

Елімізде пияз бағасын қалай тұрақтандыруға болады?
Сурет: Informburo.kz

Бұл сұраққа Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жауап берді.

Бір аптада пияз бағасы 5,5%-ға қымбаттады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz министрлік мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Биыл елімізде 1,1 млн тонна пияз өндірілген. Тұтыну көлемі – 300 тонна.

«Былтыр 800 мың тонна пияз өзімізге де, экспорттауға да толық жетті. Биыл әлем бойынша өте қиын жағдай туындап тұр. Негізгі пияз өндіруші елдер түрлі табиғи себептерге байланысты жылдағы көлемді бере алмады. Мысалы, Пәкістанда қиындықтар бар. Бұл ел пияздың әлемдік қоймасы саналады. Алайда онда су тасқыны, қуаңшылық болды... Қазір Қазақстанда пияздың 100 мың тоннадан аса қоры бар. Ерте пісетін пияз жеткізілгенше, көктемге дейін осы пиязды сақтауымыз керек. Осыған байланысты ведомствоаралық комиссия пиязды сыртқа шығаруға шектеу қойды», - деді Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуынша, шектеу мерзімі – 3 ай.

«Нарықтағы жағдай өзгермесе, 6 айға дейін созылуы мүмкін. Бірақ ай сайын жағдайды бақылап отырамыз. Біздің өндірушілер пиязды сыртқа жақсы бағамен экспорттаған. Пияздың бағасы – көтерме деңгеймен келісіне 150-170 теңге. Ал Ресей, Өзбекстанда көтерме бағаның өзі 240 теңгеден асып кеткен. Сондықтан пияз бағасын тұрақты сақтау үшін оны сыртқа шығаруға шектеу қойылды. Қазір 3 айға шектеу енгізілген. Нарықтағы жағдай өзгерсе, соған сәйкес әрекет етеміз», - деді министр.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, елімізде бір аптада пияз 5,5% қымбаттаған.

«Өткен аптада көкөністердің бағасы өсті. Пияз бағасы – 5,5%, сәбіз – 1,3%, картоп 1% көтерілді», - деп жазылған хабарламада.