Елімізде Парламент Сенатының депутаттарын сайлау басталды

Елімізде Парламент Сенатының депутаттарын сайлау басталды
сурет:egemen.kz

Сенат депутаттарын сайлау бюллетеніне 55 кандидат тіркелген.

Елімізде бүгін сағат 10.00-де ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау басталды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, Сенат депутаттарын сайлау бюллетеніне 55 кандидат тіркелген. Оның ішінде, Алматыдан - 4, Жамбыл, Павлодар, Алматы, Жетісу, СҚО және Түркістан облыстарынан - 2 кандидат бар. Басқа өңірлерден және Астана мен Шымкентте 3 кандидаттан тіркелген.

Республика бойынша Сенат депутаттарын сайлауға 3 168 дауыс беруші қатысады. Ең көп дауыс беруші Түркістан (317 дауыс беруші) және Қостанай (263 дауыс беруші) облыстарында. Ал ең азы Астанада – 31, Шымкентте – 30 және Алматыда – 38.

Сенат депутаттығына кандидаттардың толық тізімімен мына сілтеме бойынша өтіп, танысуға болады.

Еліміздің Орталық сайлау комиссиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес, өткен жылы 24 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18:00-де кандидаттарды тіркеу аяқталды.

Ал 13 қаңтар күні сағат 00:00-де кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары тоқтатылды. Осылайша, күнтізбелік жоспарға сәйкес, дауыс беру күнін ұйымдастыру мен өткізуге байланысты сайлау алдындағы барлық іс-шаралар аяқталды.

Айта кетейік, Сенат депутаттарын сайлау күні, яғни бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсы арқылы сайлаушыларды тіркеуді және дауыс берудің алдын ала қорытындыларын шығаруды онлайн-байқау сервистері жұмыс істейді. Бұл сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығына ықпал етеді.