Елімізде мұнай өндіру көлемі 14%-ға артты

Елімізде мұнай өндіру көлемі 14%-ға артты
Сурет: Kapital.kz

Қазақстанда тәулігіне 1,7 миллиард баррель мұнай өндіріледі.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында Қазақстанда 6,7 млн ​​тонна шикі мұнай өндірілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 14,2%-ға артық, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Еnergyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Өңірлік тұрғыдан алғанда өндірістің ең үлкен көлемі дәстүрлі түрде Атырау облысына тиесілі: 4,6 млн тонна, яғни 23,4% артық. Үздік үштікке сонымен қатар Маңғыстау (1,4 млн тонна, жылына 0,5% артық) және Ақтөбе (395,5 мың тонна) облыстары кіреді.

Негізгі аймақтарда «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалы, «Теңізшевройл» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ (Атырау облысы), «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қарақұдықмұнай» ЖШС (Маңғыстау облысы) сияқты компаниялар жұмыс істейді.

Жалпы, 2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында кәсіпорындар 73,7 млн ​​тонна шикі мұнай өндірді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1%-ға артық.

2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстан 31,1 миллиард долларға 65,7 миллион тонна шикі мұнай экспорттады. Физикалық мәнде төмендеу 6,9%-ды құраса, ақшалай түрде, керісінше, 31,2%-ға өсу байқалды.

ТМД елдеріне 54,6 млн долларға бар болғаны 131,6 мың тонна шикі мұнай жөнелтілді. Бұл көлемдегі мұнайды Ресей мен Өзбекстан өзара тең бөліп алғандай.

ТМД-дан тыс елдерге Қазақстан 31 миллиард долларға 65,6 миллион тонна шикі мұнай экспорттады. Оның басым бөлігі дәстүрлі түрде Италияға жөнелтілді: 17,9 млн тонна, бір жыл бұрынғыдан 8,9%-ға аз. Үздік сатып алушы үштікте Нидерланды мен Франция да бар. Еліміздің мұнайын алушы үздік бес елдің қатарына Қытай мен Түркия кіреді.

2021 жылғы желтоқсанның аяғында шикі мұнай мен битумды минералдардан алынған шикі мұнай өнімдерін экспортқа жеткізу бағасы бір айда 1,6%-ға, бір жылда – 82,1%-ға, 2015 жылғы желтоқсанда – 2,2 есеге өсті. Жылдық динамика бойынша баға ТМД елдері бойынша 17,7%-ға, ал ТМД-дан тыс елдер үшін 82,1%-ға өсті.

Жалпы, 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда бұл сектордағы бағалар 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 53,1%-ға өсті.

Investfunds мәліметінше, 2022 жылдың 4 наурызында мұнай баррелінің құны 118,1 долларды құрады. Бір тәулікте баррель бағасы 6,9%-ға, бір айда – 32%-ға, үш айда – 69%-ға, бір жылда – 77%-ға қымбаттады.

2022 жылы күнделікті мұнай өндіру көлемі бойынша елдер рейтингінде Қазақстан 127 елдің ішінде 18-орынға тұрақтады. Қазақстан тәулігіне орта есеппен 1,7 млрд баррель мұнай өндіреді. Бұл рейтингтің көшбасшылары АҚШ, Сауд Арабиясы және Ресей мемлекеті.

ТМД елдерінің ішінде Қазақстан Ресейден кейінгі орында тұр. Әзірбайжан – 843,5 млн баррель, Түркіменстан – 266,4 млн баррель, Өзбекстан – 71,5 млн баррель, Беларусь – 32,6 млн баррель, Қырғызстан – 972 мың баррель, Тәжікстан – 173 мың баррель мұнай өндіреді.

Өкінішке қарай, Ресейдің Украинадағы «арнайы әскери операциясы» басталғаннан кейін құлдыраған теңге бағамын ұстап тұруға рейтингтегі орындар да, мұнай бағасы да көмектесе алмады.