Елімізде мобильді интернет жылдамдығы бір жылда 48%-ға артқан

Елімізде мобильді интернет жылдамдығы бір жылда 48%-ға артқан
Сурет: Wifi.kz

Орталық Азия елдері арасында ең жылдам интернет - Қазақстанда

Мұндай зерттеуді Finprom.kz жүргізген. Ресурстың жазуынша, әлемде мобильді кең жолақты интернеттің орташа жүктеу жылдамдығы бір жылда 38,3% артып, 2022 жылдың қаңтарында секундына 29,62 Мегабитке жеткен. Мұндай оң тенденцияда Қазақстанның да үлесі бар, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

«Қазақстанда бұл көрсеткіш қаңтар айында бірден 48%-ға, яғни, 18 Мбит/секундке дейін өсті. Бұл – Орталық Азия елдері арасындағы ең үздік көрсеткіш. Одан кейін Қырғызстан (8% немесе 17,45 Мбит/сек дейін) және Өзбекстан (13,85 Мбит/сек немесе 57,6%) тұр. Тәжікстан мен Түркіменстанда мобильді интернет жылдамдығы - әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі: тиісінше 6,43 Мбит/сек және 3,09 Мбит/сек», - деп жазады Finprom.kz.

Аналитикалық порталдың мәліметі бойынша, пандемия кезінде шаралардың бәрі онлайн форматқа көшіп, бұл сегментке үлкен қысым түсірген.

«Алайда, жалпы қиындықтар аясында Қазастандағы мобильді операторлар қолда бар ресурсты сақтап қана қоймай, байланыс сапасын жақсарта алды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, ұтқыр кең жолақты байланыс арқылы интернет желісіне жалғанған үй шаруашылықтарының үлесі - 85,7%. Бұл көрсеткіш 2019 жылы 84,9%, ал 2015 жылы 58,9% болатын», - делінген талдауда.