Елімізде есту қабілеті нашар балалардың тілін шығаруға арналған ерекше әдістеме бар

Елімізде есту қабілеті нашар балалардың тілін шығаруға арналған ерекше әдістеме бар
Сурет: Inform.kz

Қазақстанда теңдесі жоқ ерекше әдістемені жоғары білікті логопед-дефектолог Рауан Байчинов әзірледі.

Өзгеше әдіс ойлап тапқан білікті маман - Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының қызметкері. Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан мәліметке сенсек, жас ғалым авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтар тізіліміне мәлімет енгізу жөнінде куәлік алған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Жобаны дайындау кезінде тікелей ғылыми кеңесші болған - педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР ЖАК доценті Кульчария Коккозева.

«Кохлеарлы импланты бар мектеп жасына дейінгі қазақ тілді балалардағы дауыстың интонациялық құрылымдарын зерттеу» атты ғылыми жоба 2018 жылы басталған.

Бүгінгі таңда 86 балаға зерттеу жүргізілді.

Оның жетеуі дыбыстар мен сөйлеуді қабылдау, дыбысқа еліктеу, сөз тіркестері және қарапайым сөйлемдер атты төрт кезеңнен тұратын қайта оңалтудан өтуде.

Жоба авторының айтуынша, әдістеме үш жастан жеті жасқа дейінгі балаларға арналған.

Рауан Байчинов осы әдіспен екі жылдан бері оқытылып жүрген балалардың бірі бүгінде сөйлем құрап, сөйлеп жүргенін айтады.

Тағы біреуі кохлеарлы имплант қойғалы дыбыстар мен дауысқа елеңдемейтін болған.

Бірақ екі ай бойы арнайы әдістемемен үйретілген бала дыбыстарды жақсы қабылдап, жақсы ести бастаған. Дегенмен, ол әлі қайта оңалтудың үш кезеңінен өту тиіс.

Қазіргі күні бұл әдістемені ШҚО білім басқармасының облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру мекемесі, «Әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілер қауымдастығы» қоғамдық ұйымы және университет базасында ашылған «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім орталығы қызметкерлері қолданып жүр.