Елімізде «Еңбек сіңірген сауда қызметкері» төсбелгісі пайда болуы мүмкін

Елімізде «Еңбек сіңірген сауда қызметкері» төсбелгісі пайда болуы мүмкін
Сурет: Inform.kz

Елдегі ведомстволық деңгейдегі марапаттардың қатары «Еңбек сіңірген сауда қызметкері» төсбелгісімен толығуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Ашық НҚА» порталында жарияланған ҚР Үкіметінің қаулысында осындай шара көзделген. Құжаттың толық атауы – «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 желтоқсандағы №1539 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулы жобасы.

«3. Ведомстволық наградалармен марапаттау негіздері» бөлімі: мынадай мазмұндағы «Еңбек сіңірген сауда қызметкері» төсбелгісі» деген кіші бөліммен және 82-4-тармақпен толықтырылсын», - деп жазылған қаулы жобасында.

Сондай-ақ, бұл төсбелгімен сауданы дамытуға, сауда қызметін жүзеге асырудың нысандары мен әдістерін жетілдіруге, тұтынушыларға қызмет көрсетудің жоғары мәдениетін қамтамасыз етуге сіңірген еңбегі және қосқан зор үлесі үшін, сауданың тиімділігі мен жоғары технологиялық сипатын арттыруға, озық тәжірибені таратуға бағытталған іс-шараларды әзірлегені және жүзеге асырғаны үшін, сондай-ақ қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін қызметкерлер наградталатыны айтылған.

«Еңбек сіңірген сауда қызметкері» төсбелгісі диаметрі 45 мм шеңбер нысанында жезден дайындалады. Медальдің бет жағында ортада бедерлі, шығыңқы, жылтыр элемент – «Кадукус» саудасының символы орналасқан. Айналдыра төменгі бөлігінде «Еңбек сіңірген сауда қызметкері» күрең қызыл эмальмен нақышталған, гравировканың сыртқы бөлігінде мемлекеттік тудың түсі – көгілдір эмаль көмкерілген. Шеңбердің сыртқы бөлігін жылтыр, шығыңқы бедер нысанында орындалған сегізбұрыш көмкереді. Төсбелгінің сыртқы жағында жоғарғы бөлігінде қазақ ою-өрнегі орналасқан, ортасында «Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі» деген қазақша сөздер және төменгі бөлігінде сериялық нөмір ойылып жазылған. Төсбелгі құлақша мен шығыршық арқылы ені 35 мм және биіктігі 31 мм көгілдір түсті қатқыл жібек лентамен қапталған төрт бұрышты тағанға жалғанады, киімге визорлы бекіткіші бар түйреуіш арқылы бекітіледі», - деп жазылған құжатта.

Қаулы жобасы 3 мамырға дейін жария талқылауда болады.