Елімізде дәрігерлер жетіспейді

Елімізде дәрігерлер жетіспейді
tirshilik-tynysy.kz

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына жолдаған жауабында ауруханалардағы клиникалық дәрігерлердің тапшылығы қалай шешілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Талдаулар аудандық ауруханаларда ғана емес, қалалық және облыстық деңгейлерде де кадр тапшылығы бар екенін көрсетті. Жыл сайын резидентурада білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін клиникалық мамандықтар бойынша кадр даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінеді. 2021 жылы соның аясында 1500 орын бөлінді. Оның ішінде 26 невролог, 200 анестезиолог-реаниматолог, 18 нейрохирург бар», - делінген жауапта

Оның айтуынша, жыл сайын республикалық бюджеттен медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға қаражат бөлінеді. Атап айтқанда, 2020 жылы біліктілікті арттырудан 10 578 дәрігер өткен. Оның ішінде 743 анестезиолог-реаниматолог, 269 невролог, 49 медициналық реабилитолог, 34 нейрохирург бар.

«2021 жылы жергілікті бюджеттер есебінен 161 маман шетелде оқудан өтті. Шетелдің жетекші мамандарының қатысқан мастер-кластарда 734 адам оқытылды. Оның ішінде 30 адам «Инсульт алған науқастарды оңалтудағы мультидисциплинарлық тәсіл» тақырыбында (Ресей Федерациясы), 11 адам «Жұлын нейрохирургиясының өзекті мәселелері» тақырыбында» (Германия) білімін жетілдірді. Биыл «Инсульт кезінде медициналық көмек көрсету» бағыты бойынша 154 дәрігер (невролог, медициналық реабилитолог, нейрохирург) және 220 орта медициналық қызметкерді оқыту көзделген,» - деп жазады Премьер-Министрдің орынбасары.