Елімізде бірнеше қылмыстың жазасы күшейтіледі

Елімізде бірнеше қылмыстың жазасы күшейтіледі
Сурет: Halyq Uni

Оның ішінде адам өлтіру қылмысы да бар.

Марат Ахметжанов жазасы күшейтілетін қылмыс түрлерін атады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Сенат қарауына енгізілген заң бойынша алдымен Қылмыстық кодекстің 272-бабы, 1-бөлігінде жаппай тәртіпсіздіктерге шақырғаны үшін бас бостандығынан айыру жазасын 3 жылдан 5 жылға дейін арттыру жоспарланып отыр. Телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы жасалған осындай әрекетке 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ал қылмыстық топ құрамында жасалса, кінәлі адам 5-7 жылға сотталады.

Бұдан бөлек, адам өлтіру қылмысы үшін жаза күшейтіледі.

"Ерекше цинизммен және қылмыстық топтың құрамында жасалған кісі өлтіру мен бандитизм үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігін бермеу көзделіп отыр", - деді Ахметжанов Сенаттың бүгінгі отырысында.

Қылмыстық кодекстің 146-бабына (Азаптау) "Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын әрекет үшін" құқықбұзушылықтың жаңа құрамы енгізіледі.

Сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық салада жасалатын құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтіледі.