Елімізде биыл 143,5 мың үйді пайдалануға беру жоспарланған

Елімізде биыл 143,5 мың үйді пайдалануға беру жоспарланған
Сурет: Оrtcom.kz

Өткен жылы 130 мыңнан астам тұрғын үй салынған.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, биыл республикада 143,5 мың тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ведомство басшысының сөзінше, былтыр елімізде 130 мыңнан астам тұрғын үй салынған.

"Тұрғын үй құрылысына инвестициялар өткен жылмен салыстырғанда 16,8 %-ға өсіп, 2 трлн 900 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік инвестициялар есебінен 17 мың 300 пәтер салынып, 10 мың 500 жеңілдетілген несие берілді. Тұрғын үйді іске қосудың жалпы республикалық жоспарлы көрсеткіші 101,8 %-ға орындалды. Астана (+18,5 %) және Алматы (+14,7 %) қалаларының әкімдіктері жоспарлы көрсеткішті асыра орындады", - деді ол Үкімет отырысында.

Марат Қарабаев 8 өңір тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарын орындамағанын атап өтті. Оның ішінде Ұлытау (52,8%), Солтүстік Қазақстан (74,8%) және Атырау (86,8 %) облыстарының көрсеткіштері ең төмен.

"Биыл 15 млн 300 мың шаршы метр тұрғын үйді (143,5 мың тұрғын үй) пайдалануға беру жоспарланған. Жоспарлы көрсеткіштер өңірлерге жеткізілді", - деп қорытындылады министр.