Елімізде 601 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінде тұр

Елімізде 601 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінде тұр
news.myseldon.com

Алдағы айда қазақстандықтарға жалға берілетін тұрғын үй субсидиясы беріледі. Бұл туралы Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Алмас Ыдырысов мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

«Мемлекет басшысы тұрғын үйге мұқтаж жандарға арналған бағдарлама әзірлеуді жүктеген еді. Сол тапсырмаға сәйкес, бүгінде жаңа бағдарлама іске қосылды. Бүгінде 601 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде 215 мыңы — көп балалы отбасы, І және ІІ топтағы мүгедек, жетім балалар және мүгедек баласы бар отбасылар. Одан бөлек, баспана кезегінде тұрған 70 мың азамат табысы төмен санатқа жатады. Осы аталған санаттағы азаматтарға мемлекет тұрғын үй жалдауға субсидия береді», - деді Алмас Ыдырысов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жоғарыда аталған 70 мың қазақстандық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сай анықталды.

«Субсидияға келсек, жалға берілетін пәтер ақысының 50 пайызын мемлекет көтереді, қалғанын азаматтың өзі төлейді. Бұл бағдарлама үшін мемлекеттік бюджеттен 50 млрд теңге қарастырылған. Аталған соманың 40 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінеді, қалған 10 млрд теңге жергілікті бюджеттен қарастырылады. Жалға берілетін тұрғын үйге субсидия алуға өтінімді Отбасы банкі қабылдауды бастап кетті. Ол үшін цифрлық платформа әзірленді. Отбасы банк басты оператор ретінде баспанаға мұқтаж отбасыларды анықтайды және олардың табысын тексереді. Бүгінде азаматтардан өтінім қабылданып жатыр, шашамен мамыр айында субсидия беріле бастайды», - дейді ол.