Елімізде 60 мың оқушының көру қабілеті нашар

Елімізде 60 мың оқушының көру қабілеті нашар
Сурет: Еyeinst.kz

Бұған қашықтан оқу да себеп болған.

Осыдан екі жыл бұрын көзі нашар көретін 22,5 мың оқушы болса, қазір олардың қатары 60 мыңға дейін жеткен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бұл туралы хабарлаған «Хабар 24» телеарнасының мәліметінше, көздің көру қабілетіне қазіргі білім беру бағдарламасындағы жүктеме де кері әсерін тигізіп жатқанға ұқсайды.

- Себебі таңнан кешке дейін мектепте жүрген оқушы үйіне келіп, телефон, планшет немесе компьютер ойнап демалады, - дейді дәрігерлер. Оның үстіне жағдайды пандемия кезіндегі қашықтан оқыту да ушықтыра түскен.

«Оның себебі бізге қатты білінді. Осы соңғы 1-2 жылда балалардың алыстан дұрыс көрмеуі ата-аналарға, дәрігерлерге көп күш түсірді. Соның бәрі онлайн отырған сабақтардың, мектептің тапсырмаларын компьютермен, телефонмен қарағаннан болып отыр», - дейді офтальмолог-дәрігер Айнұр Ақбарова.

Мамандардың айтуынша, баланың көзін минус 1-ге дейін емдеуге болады екен. Ал 3-тен жоғары болып кетсе, көзілдірік тағады. Алайда оны тек тақтаға қарағанда тағу шарт. Ал егер 3-тен жоғары, яғни 6 болатын болса, онда көзілдірікті әрдайым тағып жүруге тура келеді.

Дәрігерлердің айтуынша, көздің көру қабілетін нашарлатпау үшін балаларға мектеп жасына дейін телефонды бермеу керек. Көзге арналған түрлі жаттығуларды жиі жасап, дәрумендер ішу қажет.