Елі ардақтаған ер

Елі ардақтаған ер
almaty-akshamy.kz

Алматыда Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, мәдениет қайраткері Бақытжан Ысқақов тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды. Салтанатты шарада әншінің үзеңгілестері, достары мен көрермендері біртуар тұлғаны еске алды.

Бақытжан Ысқақов 1952 жылы 10 сәуірде Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақастек ауылында дүниеге келген. Он жылдық мектепті бітіргеннен кейін, 1969 жылы Республикалық эстрада-цирк студиясына оқуға түскен. Атақты профессор, ән әлемінің дүлдүлі Ермек Серкебаевтың талантты шәкіртінің бірі атанған.

Ол 1982–1987 жылдарға дейін Б.Байқадамов атындағы қазақтың мемлекеттік хор капелласында еңбек еткен. Кейіннен оның тума талантына тәнті болған  сол кездегі театр директоры Қуаныш Оразғалиев 1987 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрына шақыртқан.

«Театрға келгеніне аз уақыт болса да, Бақытжан барлық баритон партияларын орындап, жұлдызы жарқырап жанды. Менің есімде, сонау 1997 жылы біздер гастрольдік сапармен Орынбор қаласына бардық. Сол кезде менің жаныма бір кісі келіп, Орск қаласында 80% қазақтардың тұратындығын, олардың да ұлттық өнерді көруге ынтық екендіктерін жеткізді. Не керек, жолымызды, жатын орнымызды көтеріп берген әлгі кісілер бізді Орск қаласына әкелді. Ол жерде біздер «Қыз-Жібек» операсын сахналадық. Сол кезде көрермен қошеметінің барлығы Бекежанды ойнаған Бақытжанға арналды. Қойылымнан кейін халықтың кеткісі жоқ, барлығының көңілдері босаған. Бақытжанға риза болғандары соншалықты, Орск қаласының атынан «Жигули» машинасын сыйлады. Көрдіңіздер ме? Бақытжанның таланты талайдың таңдайын қақтыратын еді», – дейді Қуаныш Оразғалиев.

Бақытжан Тәкенұлы барлық опералық спектакльдерде басты рөлді сомдады. Олардың ішінде А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында» Абай рөлі және Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Бекежанның рөлі, Б.Жұманиязовтың «Махамбет» операсындағы Махамбеттің рөлі, Вердидің «Травиатасында» Жермонның рөлі. Вердидің «Риголетто» операсында көптеген рөлдерде ойнады, ал «Ер Тарғын» операсындағы әншінің рөлі «Алтын қорда» сақталды.

«Біз Бақытжанмен студенттік кезден таныс едік. Бір жағынан жерлесім, ағамдай болып кеткен жан. Оның әншілік ғұмырын тек қана шыңға өрлеумен байланыстыруға болады. Консерваторияны бітіргеннен кейін өнер жолын қарапайым солист болып бастап, ең биік шоқтығына жеткен кезде өмірден озып кетті. Операдағы баритон партияларының ішіндегі ең жоғарғы ноталарды өз мәнерімен, шарықтатып айтатын. Композитор болғандықтан, біздің ойымыз бір жерден шығатын, алайда оның көрерменге жеткізу мәнері ерекше болатын», – дейді Қазақстан Композиторлар қауымдастығының төрайымы Балнұр Қыдырбек.

Ескерткіш-тақта Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрының ұжымы мен Алматы қалалық әкімдігінің мұрындық болуымен ашылды.

«Бұл кісі баритондардың ішіндегі таңдаулысы, даусы әлемдік деңгейде болды. Үлкен партияларды 20 жыл бойы шаршамай, талмай айтып жүрген талантты ағамыз еді. Біздегі үлкен образдардың барлығын тамсандыра орындаған Бақытжан ағамыз болатын. Ол кісі жастарға  тәлімгерлік етіп, бағыт-бағдар беретін. «Жақсыға жүрім жоқ» демекші, небәрі 53 жасында өмірден өтті. Көңілге медет боларлығы - артында ұрпақтары қалды», – дейді Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрының директоры Нұрбақыт Бөкебаев.

Театр сахнасында жүріп, гастрольдық сапармен шетелдерді аралап, қазақтың опера өнерін әлемге танытты. Ал 1997 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атанды. Бақытжан Ысқақов әншілік қызметімен қатар, Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде ұстаздық етті.

«Бақытжан ерекше жігіт еді. Табиғи дарын, табиғи дауысқа ие болатын. Ол кездері біз жаспыз, жатақханада тұрамыз. Сол шақтарда гитарамен ән айтатын. Кейіннен ол опера театрына ауысты, үлкен образдарды ойнады. «Орнында бар оңалар» демекші, бүгін міне, ескерткіш-тақтаның ашылуына келіп отырмыз. Бұл тақта болашақ жастарға, ұрпақтарға тәлім-тәрбие беретін үлкен құрал болады деп сенемін», – дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Айдос Бектемір.

Іс-шара соңында Бақытжан Ысқақовтың орындауындағы әндер жазылған күй-таспалар таратылып, опера әншісінің аты Наурызбай ауданындағы көшенің біріне берілетіндігін айтылып, көпшілікті қуантты. Сондай-ақ, асыл жары Қарлығаш апай мен ұлы Ілияс, қызы Әйгерім келген қонақтарға алғыстарын білдірді.