Елге қызмет - басты міндет

Елге қызмет  - басты міндет
Сурет: ашық дереккөз

Елімізде өмірлік деректер мен нақты мысалдарға толы тағы бір туынды жарыққа шықты.  

Әскери және мемлекет қайраткері, генерал-майор Ерлік Серікбайұлы Тайжановтың өміріне негізделген «Елге қызмет – басты міндет» атты шығармашылық еңбек дүниеге келді. 

Жиырмасында миллионер, отызында министр атанған мына заманда жетістікке жету, бақыттың кілтін табу тақырыбында оқырманды таңқалдыру оңай емес. Солай десек те, бұл кітап көптеген адамдар үшін жүрегіне жақын болатыны сөзсіз. Өйткені, аңыз бен ойдан құралған әдістерге емес, нақты өмірлік мысалдарға толы. Оқырман бас кейіпкердің өмірімен танысу барысында нағыз күрес, шынайы еңбекке қанық болады.

Қарапайым ауылдың баласы еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысы, Майбалық ауылында механизатор болып бастаған. Арман қуып Қарағанды қаласындағы жоғары милиция мектебіне аттанады. Оқуға бірден түспей, шаруашылық бөлімінде қара жұмысқа  жегіледі. Құрылыс жұмыстарымен айналысады, арнайы оқу орнының отымен кіріп күлімен шығады. Нәтижесінде өзі армандаған оқу орнының курсанты атанады. Оқуын ойдағыдай аяқтап, арнайы органдарда алғашқы еңбек жолын бастайды. Қырық жыл қылмыс атаулысымен күресіп, халықтың тыныштығын қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет атқарып, жоғары лауазымдарға жауапты міндеттерді орындайды. Ең жоғары әскери шен – генералға дейін қол жетті. Құрметті еңбек демалысына шықса да жастарды патриотизм рухында тәрбиелеу жұмысынан қол үзген емес. Қазақстан бойынша «Шито-рю Карате» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, Отан қорғаушы азамат болуға баулып келеді. 
Е.Тайжанов 2021 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты атанды. Халық қалаулысы ретінде қоғамдағы өткір мәселелерді көтерді, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге, қиындық туғанда ел тіреуі болуға тырысты. 
Аталмыш кітапта адамның тұлғалық дамуы мен өсуі туралы көптеген мысалдар келтірілген. 

 «ҚР ҰҚК органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы,

ҚР ҰҚК құрметті қызметкері, полковник
Кенжеболат Бекназаров