Елена Рыбакина Дубайда жарақатына байланысты жарыс жолынан шығып қалды

Елена Рыбакина Дубайда жарақатына байланысты жарыс жолынан шығып қалды
Сурет: Ашық дереккөз

Енді қазақстандық теннисші наурыз айында АҚШ-та өтетін мастерс жарыстарында бақ сынайды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай WTA 1000 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Е.Рыбакина бүгін үшінші айналымда әлемнің 6-ракеткасы, америкалық Коко Гауфпен кездесуі керек еді.

Алайда қазақстандық теннисші арқа жарақатына байланысты жарысты жалғастырудан бас тартты.

Осылайша, К.Гауфф ойнамастан ширек финалға өтті.

Е.Рыбакина сондай-ақ ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге жұптық сындағы матчтан сырт қалды. Енді қазақстандық теннисші наурыз айында АҚШ-та өтетін мастерс жарыстарында бақ сынайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Дубайда АҚШ чемпионын ұтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Елена Рыбакина Дубай жарғысының үшінші айналымына өтті.