Электрондық құжатпен билет алуға бола ма?

Электрондық құжатпен билет алуға бола ма?
Сурет: Time.kz

Қазақстандықтар цифрлық жеке куәлікті енді автокөлікпен тасымалдау саласында қағаз түріндегі жеке куәлікпен тең пайдалана алады.

Бұл туралы хабарлаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, жолаушылар ауданаралық, қалааралық, облысішілік бағыттарда автобустарға отырғызу кезінде жеке куәлігін өз қалауы бойынша - түпнұсқада немесе электрондық құжат түрінде (ұялы телефон арқылы) ұсына алады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Сондай-ақ, автовокзалдарда, автостанцияларда, жолаушыларға қызмет көрсету тіректерінде цифрлық жеке куәлікпен билеттер сатып алуға болады. Бұдан бөлек, халықаралық, қалааралық, облысаралық, ауданаралық (облысішілік, қалааралық) бағыттарда жол жүру кезінде жүк алу мүмкіндігі көзделген.

«Сонымен қатар такси жүргізушілері рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық куәландырудан өту кезінде жеке куәлікті қағаз тасығышта да, электрондық нысанда да пайдалана алады. Жоғарыда аталған нормалар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен (2021 жылғы 4 қазандағы№ 524) ҚР Үкіметінің тапсырмасы бойынша цифрлық технологияларды дамыту және азаматтардың жеке куәліктерінің түпнұсқаларын өзімен бірге алып жүру қажеттілігінсіз өз құқықтарын іске асыру мүмкіндігін кеңейту үшін қабылданды», - делінген министрліктің мәліметінде.