Нұрлан ОРАЗАЛИН, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Елдің тұрмыс жағдайына ерекше көңіл бөлінді

Нұрлан ОРАЗАЛИН, ақын,  Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Елдің тұрмыс жағдайына ерекше көңіл бөлінді
Сурет: Ult.kz

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы аса бір тарихи қиын, күрделі кезеңде, халықаралық қарым-қатынас, экономикалық тіршіліктің ақсап тұрған тұсында және ішкі саяси тұтастығымызға ықпал ететін әлеуметтік-экономикалық проблемалардың орын алған кезеңінде жолданып отыр. Бұл Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы, ең әуелі, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына мән берді. Президентіміз екінші – азық-түлік бағасының тұрақсыздығына ерекше тоқталды. Қазіргі таңда әр жерде әр түрлі бағамен сатылып жатқан азық-түлікке жол бермеу керектігі айтылды. Үшінші менің көкейіме қонған нәрсе – халқымыздың 40 пайызынан астамы ауылдарда тұрады ғой. Бүгінде жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салынғаны белгілі. Ал енді ауылды жетілдіру үшін жерді игеру мәселесіне қатты назар аударылды. Мемлекет басшысы жайылымдық жерлерді орынсыз пайдаланатындар шаруа қожалықтарының өсіп-өнуіне мүмкіндік бермей отыр дегенді ашып айтты. Бұл - бұрын айтыла қоймаған ащы ақиқат.

Тағы бір айта кететін мәселе –  қаншама рынокқа тәуелді елміз дегенмен, бізге рынокты монополизациялау, белгілі бір мүдделі топтардың, солардың ғана жетегінде кету халықтың тұрмысының жақсаруына, еркін дамуына мүмкіндік бермейді.

Сондай-ақ, Жолдауда оқу-ағарту ісіне байланысты бірсыпыра ашық әңгімелер айтылды. Соның ішінде менің көкейіме қонғаны, мына ғылымды дамыту, грант мерзімін 5 жылға көшіруі мен гранттың орындалуын тексеріп отыруы. Бұл айналып келгенде, елдің ішкі дамуын қамтамасыз ететін критерий деп есептеймін. Мұғалімдерге биыл да жақсы мән беріліп жатыр. Әрине, балалардың сауатты, білімді болуы маңызды, ол біздің болашағымыз. Алайда, бюджеттен қамтамасыз етіліп отырған басқа да мамандар бар. Мәдениет немесе спорт болсын, алдағы 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап осының бәрінің жалақысын өсіреді және арғы жылдарда да 20 пайыздан қосып отыруды жалғастырмақ. Осылайша елдің тұрмыстық жағдайын көтереді.

Жолдау барысында республикадағы ең төменгі жалақы көлемін 42 500 теңгеден 63 000 теңгеге дейін көтеру туралы тапсырма берілді. Одан кейін тұрғын үй мәселесі сынды тақырыптарды қамту елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайын ретке келтірудің нақты ұсыныстары болып тұр. Оның үстіне, Орта Азияның тағдыры геосаяси тұрған орнына байланысты қауіп төндіруге қолайлы десек болады. Ауғанстанда болып жатқан жағдай бұл өте үлкен мәселе. Осы жағдайда саяси қырағылық танытып, Президентіміз әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды реттеуді тиісті үкімет органдарына нақтылап  берді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпегеніміз жөн дейді. Елді адастырмау керек. Екпе алуға қарсы адамдар өздерінің ғана емес, өзгелердің өмірі үшін жауапты екенін түсінгені абзал.