Елдегі 10 012 сайлау учаскесі дауыс беруге дайын

Елдегі 10 012 сайлау учаскесі дауыс беруге дайын
Сурет: Atpress.kz

Бұл жөнінде ОСК хатшысы «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңында» өткен референдум тақырыбына қатысты отырыста мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесінің кезектен тыс отырысында еліміздің қазіргі саяси күн тәртібіндегі ең ірі мәселе – 5 маусымға өтетін ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жалпыұлттық референдум тақырыбы қаралды. Іс-шара ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Үсен Сүлейменнің төрағалығымен өтті. Оның айтуынша, азаматтардың алдағы дауыс берудің маңыздылығын және Конституцияға ұсынылған түзетулер қабылданған жағдайда, жаңартылған Конституция негізінде қазіргі қолданыстағы басқа да заңнамалық актілерге түзетулер енгізілетінін немесе жаңа заңдар қабылданбақ.

Референдумның мазмұны мен оған дайындық процесі жөнінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман мен ҚР Әділет министрлігінің Заңнама департаментінің директоры Назкен Жамаладин баяндама жасады. ОСК хатшысы отырысқа қатысушыларды өз органның және 10 012 учаскелік комиссияның дауыс беруге дайындық барысымен таныстырды. Әділет министрлігінің өкілі Конституцияға енгізілетін түзетулердің мазмұнына егжей-тегжейлі тоқталды.

Айта кетейік, отырыс бейнеконференция режимінде өтті. Оған Парламент депутаттары, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы, Жоғарғы соттың, Конституциялық кеңестің, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің, мүдделі министрліктердің, адам құқықтарын қорғау саласында белсенді үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.