Елде жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен жасайтындар азаяр емес

Елде жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен жасайтындар азаяр емес
Сурет: Aikyn.kz

Жүргізуші куәлігін алуға қатысты талаптар күшейгенімен, құжатты заңсыз сататындар азаймай тұр.

Тіпті шетелдіктерге қазақстандық құжаттың жалған нұсқасын ұсынатын арнайы сайт іске қосылған. Ел арасында «Спеццон» аталып кеткен арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтары алдында ашықтан-ашық сауда жүргізіп келген делдалдар енді әлеуметтік желіге көшкен. Жүргізуші куәлігін жаңадан алушыға да, тіпті көлік тізгіндеу құқығынан айырылғандарға да көмектесеміз деген хабарландырудан көз сүрінеді. Үш күн ішінде ешбір емтихансыз, тіпті кезекке тұрмай-ақ жасап береміз деп жұртты қызықтырғандар да жетерлік, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Ресей азаматтары үшін қазақстандық куәлікті ұсынатын арнайы сайтты да көзіміз шалды. Қызмет құны – 29 500 рубль, яғни 180 мың теңге шамасында. «Құжатты түпнұсқадан айнытпай, сапалы жасаймыз» деген жарнамасы да бар. Тиісті анкетаны толтырып, фото жолдасаңыз көп ұзамай хабарласуы тиіс.

Жүргізуші куәлігінің бағасы әр қалада әртүрлі. 80 мыңнан бастап жарты млн-ға дейін барады. Заңсыздыққа Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының да қатысы бар. Антикор қызметі соңғы үш жылда 60 мыңдай деректі анықтап, 18 қылмыстық іс қозғаған. Ішкі істер министрлігі құжатты заңсыз саудалағандар да, оны сатып алғандар да жауапқа тартылады деп ескертті. Айыппұл төлеп қана қоймай, бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Жасаған адамға екі жылға бас бостандығынан айыру қарастырылса, жалған құжатты пайдаланған адамдарға 40 тәулікке дейін қамаққа алынады. Қазіргі таңда әлеуметтік желіде тарап жатқан жарнамалардың көбісі жалған ақпарат болып келеді. Яғни, қазіргі таңда тарап жатқан алаяқтықтың бір түрі», - дейді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің Аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы Жеңіс Жақсылықов.

Ал Жүргізушілер одағының өкілдері мұндай қылмыстың тамырына балта шабу үшін ең алдымен куәлікті заңсыз жолмен алушылар неге көп деген сұрақтың астарына үңілу керек дейді. Автомектепте оқудың міндеттелмеуі, емтихан сұрақтарының қолжетімсіздігі жемқорлыққа түрткі болған. Одан қалды сынақ тапсыруға арналған көліктер жетіспейді. Бар болғанның өзінде қайта-қайта істен шығады.

Жүргізуші куәлігін кім көрінгеннің сатып ала беруі - үлкен қауіпке апаратын жағдай. Автомектепке бармаған, қарапайым жол ережесінен бейхабар адамның кесірінен талай отбасы қара жамылуы мүмкін. Елде әр үш сағат сайын жол апатынан бір адам қайтыс болатынын ескерсек, бұл – бүгінгінің өзекті мәселесі.