Елде шахматтан әлем чемпионаты өтпек

Елде шахматтан әлем чемпионаты өтпек
Сурет: Іnbusiness.kz

Зейінді ойын

25-31 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында жылдам шахматтан (рапид пен блицтен) Әлем чемпионаты (FIDE World Rapid and Blitz Championships 2021) өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  Рrosports.kz-ке сілтеме жасап

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған жарыс шахматтан биылғы күнтізбедегі айтулы оқиғаның бірі. Әлемнің 52 елінен 200-ден астам шахматшы келеді деп жоспарланған. Оның ішінде әлем чемпиондары мен вице-чемпиондары, FIDE (Халықаралық шахмат федерациясы) нұсқасы бойынша рейтингі ең жоғары шахматшылар бар.

Сонымен қатар чемпионатқа өз Ұлттық федерациясы атынан ерлер мен әйелдер секцияларындағы қазіргі ел чемпиондары мен Әлем чемпионаты тәртібінде көрсетілген талаптарға сәйкес келетін шахматшылар қатыса алады. Сондай-ақ, Қазақстан шахмат федерациясының қосымша 30 қазақстандық ойыншыны шақыруға айрықша құқығы бар.

Жылдам және блиц шахмат бойынша 2021 жылғы Әлем чемпионатының ашық және әйелдер жарыстарының регламентімен келесі сілтемелер бойынша танысуға болады: ашық жарыстар және әйелдер жарыстары.

Рапид – бұл әр партияға 15 пен 60 минуттың аралығында уақыт берілетін шахмат түрі. Халықаралық ірі жарыстарда уақыт аралығы – 15 минут + әр жүріске 10 секунд, деп бекітілген. Шахмат ойынының бұл түрін гроссмейстер Давид Бронштейн ойлап тапқан.

Блиц – бұл рапидтен де жылдам ойын. Бүкіл партияға 1-ден 10 минутқа дейін беріледі. Электронды шахмат сағаты пайда болғанға дейін әр партияға 5 минуттан берілген. Бүгінде блицтен ірі турнирлер 3 минут + әр жүріске 2 секунд уақыт көрсеткішімен өткізіледі.