Елде картоп экспортына шектеу енгізілді

Елде картоп экспортына шектеу енгізілді
Cурет: Aikyn.kz

Атап айтқанда, 2022 жылдың 1 мамырына дейін жаңа піскен немесе тұқымдық картопты әкетуге шектеу енгізіледі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі 2022 жылғы 18 ақпандағы «Қазақстан Республикасының аумағынан жекелеген тауарларды әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Жаңа піскен картопқа 144 500 тонна, тұқымға - 57 500 тонна квота белгіленген.

Сондай-ақ, сандық шектеулерді бөлу қағидалары бекітілді.

Қағидаларға сәйкес, ҚР АШМ шектеулер енгізілген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында 2022 жылғы ақпан-сәуір айларында республика аумағынан тауарларды әкетуге квота алуға өтінімдер қабылдау туралы хабарландыру орналастырады.

Хабарландыруда тауардың атауы, бөлінетін квотаның көлемі, бір өтініш берушіге жол берілетін лимит, тіркелген бағаны көрсете отырып, Қазақстанның ішкі нарығына жаңа піскен немесе тоңазытылған (тұқымдық картопты қоспағанда) картопты кепілді жеткізудің көлемі, квота алу үшін қажетті құжаттардың тізбесі, өтінімдерді қабылдаудың басталу және аяқталу күні мен уақыты, уәкілетті органның заңды мекенжайы, уәкілетті орган кеңсесінің электрондық мекенжайы көрсетіледі.

Осыдан кейін АШМ бөлінетін квотаның көлеміне байланысты бір өтініш берушіге 3 000 тоннадан аспайтын мөлшерде тауарды әкетудің жол берілетін лимитін белгілейді.

Картопты әкетуге квота алу үшін өтінім беріледі.

Өтінімге келесі құжаттар қоса беріледі:

  • Тауарларды әкету жүзеге асырылатын келісімшарттардың көшірмелері;
  • Жаңа піскен немесе тоңазытылған картоптың (тұқымдық картопты қоспағанда) болуын растайтын, сақталатын картоптың жалпы көлемі мен сақтау объектісінің орналасқан жерінің мекенжайы көрсетілген құжат;
  • «Ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімін жинау туралы» жалпымемлекеттік статистикалық байқаудың статистикалық нысанының көшірмесі;
  • Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің атынан жаңа піскен немесе тоңазытылған және тұқымдық картопты әкеткен жағдайда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден экспорттаушы контрагент туралы немесе өтініш беруші заңды тұлғаның аффилиирленгені туралы растау хат.

Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші контрагент-экспорттаушыға не үлестес заңды тұлғаға бір ғана растау-хат береді.

Бұйрық 2022 жылғы 22 ақпаннан бастап 2022 жылғы 1 мамырға дейін қолданысқа енгізіледі.