Елде аяқ киім бағасы қымбаттады

Елде аяқ киім бағасы қымбаттады
Сурет: Qazaqstan.tv

Биылғы ақпанның қорытындысы бойынша аяқ киім бағасы бір жыл ішінде 20,5 пайызға өскен.

Оның ішінде ерлер мен әйелдер аяқ киімі 18,2%-ға, балалар аяқ киімі 26,5%-ға қымбаттады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. Astanatv.kz-ке сілтеме жасап. 

Еnergyprom зерттеуіне сүйенсек, бағаның өскенін, әсіресе, Маңғыстау облысының тұрғындары сезінді: өңірде аяқ киім бағасы бір жылда бірден 31,5%-ға қымбаттаған. Сондай-ақ Шымкент (30,2%) пен Астана (28%) да баға өсімі бойынша алдыңғы орынға шықты. Ең төмен баға Ұлытау облысында тіркелді, дегенмен өсім 13,7% құрайды.

«Ерлер аяқ киімі Ақтөбе облысында, әйелдер аяқ киімі Маңғыстау облысында, балалар аяқ киімі Шымкентте көп қымбаттады. Ерлерге арналған аяқ киім бағасының ең төменгі көрсеткіші Ұлытау облысында, әйелдердікі Батыс Қазақстан облысында, балалар аяқ киімінің бағасы Қостанай облысында тіркелді. Ішкі нарықта аяқ киім сатылымы 40,3 млн жұпты құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 21,6%-ға аз», - дейді сарапшылар.

Биылғы қаңтар-ақпан айларында республикада 286,7 мың жұп аяқ киім шығарылды, бұл бір жыл бұрынғыдан 42,9 пайызға артық.

«Өңірлік тұрғыда ең көп аяқ киім Алматыда шығарылды: 153 мың жұп – бұл 2022 жылдың қаңтар-ақпанымен салыстырғанда 50,4%-ға артық. Үздік үштікке Алматы (48,5 мың жұп) және Жамбыл (27,9 мың жұп) облыстары да кірді», - делінген зерттеуде.

Айта кетерлігі, жалпы 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында елімізде 1,7 млн жұп аяқ киім шығарылды, бұл бір жыл бұрынғыдан 17,6 пайызға артық.