Елбасы шыршасы

Рая ЕСКЕНДIР

Қаламыздың кiшкентай тұрғындары үшiн биылғы Жаңа жыл өз ерекшелiгiмен есте қалғалы тұр. Олай дейтiн себебiмiз, ҚР Президентi атынан өтетiн шырша мерекесiне қатысуға бет алған балақайлар Медеудi бетке алып, тауға аттанады. Таң атқалы бiр сәтке де толастамаған аппақ қар балаларды тура орманға шақырып тұрғандай әсер сыйлады.

Мiне, Алматыдағы ең сұлу да көркем ғимараттар бой түзеген Достық даңғылымен жоғарыға көтерiлген балалар «Royal Tulip» мейрамханасына келiп тоқтады. Ертегiдегiдей алып сарайдың сыртқы көркемдiгi өз алдына, iшкi сұлулығы да таңдай қақтырарлықтай екен. Фойеде балаларды түрлi ертегi кейiпкерлерi тосып алып, оларды кең залға бастады. Биылғы Елбасы шыршасы «Қазақстанның жұлдызды қадамдары» жобасы аясында өткiзiлiп отырғандықтан, зал тақырыпқа сай безендiрiлген. Аталмыш шараның тақырыбы «Менiң республикама саяхат» деп аталады.

Күн санап көркейiп, әлем назарын өзiне аударып отырған тәуелсiз елiмiзде қаншама игi iстер атқарылып, толайым табыстар легi қуаныш сыйлап жатыр. Осынау игiлiктердi шырша тойында Кең дала, Барыс, Каспий, Алдар көсе, Бейбiт жiгiт, Астана аруы, Боран сынды кейiпкерлер театрландырылған көрiнiс арқылы көптiң көз алдынан өткiздi. Мiне, ортаға қасына қалың нөкерiн ерткен Алтын батыр пайда болды. Елiмiз бен жерiмiзге бейбiтшiлiк тiлегiн жеткiзген батыр тiлегiн болашағынан мол үмiт күттiретiн балауса әншi Дария Болсанбек «Қазақ елi осындай» әнiмен жалғады. Шырша тойына жиналған елiмiздiң болашақтарына Алтын батыр мен Алматы аруы Елбасымыз Нұрcұлтан Назарбаевтың саясаты арқасында жасалып жатқан игiлiктердi, Тәуелсiздiкке қол жеткiзудегi Тұңғыш Президенттiң рөлi туралы әсерлi етiп жеткiзiп, халықаралық қоғамдастықтағы Қазақстанның беделi туралы әңгiмелеп бердi. Балалар Тәуелсiз Қазақстанның шежiресiн бейнероликтен бiр сәт тамашалады.

Барлық әлем балалары сағына да тағатсыздана тосатын Аяз Ата мен Қарша қызды бұл күнi шырша қонақтары да зор құрметпен қол соғып қарсы алды. Осынау жұлдызды сәттерге куә болған балақайлар үшiн өздерi сағына да тағатсыздана тосқан қуаныш ендi басталды. Керемет кешенде қиял әлемiн кезiп, балалық шақтың балдәурен шағында өз елiнiң нағыз бақытты азаматтары екенiн сезiнген балақайлар үлкен экранға көз тiгiп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауына құлақ түрдi. Мiне, Нұрсұлтан Әбiшұлының жарқын бейнесi көрiндi.

– Қымбатты менiң кiшкентай достарым!Биыл да Жаңа жылды өздерiңмен қарсы алатыныма қуаныштымын. Бүкiлқазақстандық жас достарымды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, сендерге зор денсаулық, бақытты өмiр тiлеймiн. Егемендi елiмiз сендердiң жарқын болашақтарың үшiн барлық жағдайды жасауда. Сендердiң терең бiлiм алып, алаңсыз өмiр сүрулерiң үшiн мемлекетiмiз барлық мүмкiндiктердi жүзеге асырып жатыр. Елiмiздiң барлық өңiрлерiнде дарынды балаларға арналған мектептер салынуда. Думанды орталықтар мен спорттық кешендер салынуда. Отанымызды шын сүйетiн, мемлекетiмiздiң өсiп-өркендеуiне үлес қосатын, үлкен азамат болып өсiңдер! – дедi Нұрсұлтан Әбiшұлы.

Осынау қуаныш тасыған көңiлдi, естен кетпес бақытты сәттерде балаларды Алматы қаласының Әкiмi Ахметжан Есiмов құттықтады.

– Бiздiң қаланың кiшкентай тұрғындары! Жаңа ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өздерiңдi Жаңа жылмен құттықтап, жақсы тiлектерiн жеткiздi. Мен де өз атымнан сендердi құттықтағым келедi. Сабақтарыңды жақсы оқып, үлгiлi азамат атаныңдар. Ертеңгi мемлекетiмiздiң үмiт артар азаматтары өздерiңсiңдер. Сондықтан, осы бастан жақсылық пен iзгiлiкке ұмтылыңдар. Сабақтарыңды жақсы оқыңдар. Бiлiмдi жасқа қай жерде де орын бар.

Сендердiң бүгiнгi бар мiндеттерiң тек сапалы бiлiм алып, тәрбиелi ұрпақ болып өсулерiң, – деген қала Әкiмiнiң тiлегiн ҚР бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов жалғастырды.

Осыдан соң, алып шыршаның шамы жағылып, әлемдiк үрдiс бойынша балалар қала басшысымен шыршаны айналды. Бұл – жаңа келген жылға деген балалардың құрметi. Елбасы шыршасына қатысушы балалар Қазақстан эстрадасының жұлдыздары – Медеу Арынбаев, Жәмила Серкебаева, Рүстем Нұржiгiт, Айгүл Бабаева, Ерболат Құдайбергенов, «Жiгiттер», «Орда» топтарының өнерлерiн тамашалады. Мерекелiк шара мемлекеттiк рәмiздердiң 20 жылдығын, Лондон Олимпиадасы жеңiмпаздарын да қамтыды. Бұл күнi мемлекетiмiздiң мақтаныштары Ислам Байрамуков пен Ольга Шишигина да кiшкентай балақайлардың қуаныштарына ортақтасты. Кең жайылған ақ дастархан басына жайғасқан балақайлар өздерiне арналған мерекелiк бағдарламаны көңiлдене отырып тамашалады.

Осынау қуанышты сәтте бiр-бiрiн қимай қоштасқан балақайлардың әр-бiреуiне Президент атынан жаңажылдық алып сыйлықтар табыс етiлдi. Оны көтерiп жүру еш мүмкiн емес. Сондықтан, сыйлыққа толы шабадандарды Аяз Атаның өзi көтерiп, арнайы көлiктерге шығарып салды. Биылғы Елбасы шыршасына 200 ата-ана қамқорынан тыс қалған балалар, оқу озаттары қатысты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *