Елбасы мақаласы маңызды дүниелерді қамтиды

Елбасы мақаласы маңызды дүниелерді қамтиды
Almaty-akshamy.kz

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жария еткен «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласы еліміз үшін мәңгілік елдің болашағының бағытын анықтайтын және біздің ұстанымыз болатыны сөзсіз.

Елбасы өз сөзінде «Осылайша біз Тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жасампаз ел боламыз!» - деп айтты. Шындығында осы сөздер Тәуелсіздіктің түйіні, бізге бағдар беретін жолбасшы екені айқын.  

Бүгінгі заманда экономикада адами капиталдың орны ерекше екені белгілі, ал адами капиталдың негізі – білім. Сол себепті, Елбасы білімділікті ерекше айтып, барлық бағдарламаларында білім беріге ерекше көңіл бөліп келеді.

Елбасы өз сөздерінде «Дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар», “Бізге қазіргі заманғы экономикалық және қоғамдық модернизацияның сұраныстарына сай келетін білім беру жүйесі қажет” және «ХХІ ғасырда білімі озық ел бәсекеде жеңеді де бі­­лімін дамыта алмаған ел­ тығырыққа тіреледі»  - деп білім беру саласының маңызын атап айтса, екінші жағынан Елбасынығ бастамалары Қазақстан білімін әлемдік деңгейге көтеруге себеп болды. Ол бастамалар қатарында Ұлттық білім беру жүйесін құру, «Болашақ» стипендиясы, Бірыңғай ұлттық тестілеу, Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептерін құру, тегін бірінші жұмысшы мамадығын алу және басқаларды айтуға болады.

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп дана Абай айтқандай, біз тек өз біліміміз бен күшімізге сенуіміз керек.

Елімізде талантты әрі дарынды, алғыр да өжет жастар жетерлік.

Ендеше табыстың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде» - деді Елбасы.

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында жастарға сапалы білім беруге мүмкіндік жасауға ерекше көңіл бөлінді. Еліміздің білім және ғылыми орталығы Алматы қаласында алдағы жылдары 15 жаңа мектеп және 25 мектепке жапсаржай, 15 мемлекеттік және 324 жекеменшік балабақша салу жоспарланып отыр. Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңесі осы жоспардың орындалуын бақылауда ұстап отыр. Кеңестің 4 отырысында 2021 жылы салынып бітетін 3 мектеп, 17 жапсаржай және 2 балабақшаның құрылысының барысы талқыланып, ұсыныстар берілді. Сонымен бірге кеңес мүшелері бірнеше рет құрылыс басында болып, барысымен танысты. Осының барлығы партияның сайлауалды жоспарының мерзімінде орындалуына себепкер болып жатыр.

Елбасы 2012 жылы «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық бағдарламасын жариялағаннан бері көптеген идеяларын іске асырып келеді. 

Елбасы партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысындағы сөзінде еңбек ету туралы көптеген ойларды айтып кетті.

 «Мен жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру туралы идеямда оның бес принципін – эволюциялық даму, ортақ жауапкершілік, өзара серіктестік, ынталандыру мен кәсібилікке ұмтылуды атап көрсеттім.

Онсыз кез келген қоғам көштің соңында қалуы мүмкін.

Адал еңбек қана адамды мұратына жеткізеді.

Осыны жастардың санасына сіңіру қажет» - деп айтса, тағы бір жерде:

«Тәуелсіздікті нығайту – экономиканы нығайту.

Бұл барша халықтың еңбегімен келеді.

Сондықтан жас ұрпақ ел игілігі үшін әрдайым еңбек етуге дайын болуы қажет» - дейді.

Осы сөздер еңбектің қадірін де, ерекше орнын да көрсетеді.