«Ел, жер, тіл – ұлттық болмыс пен тұтастығымыздың айғағы»

«Ел, жер, тіл – ұлттық болмыс пен тұтастығымыздың айғағы» almaty-akshamy.kz

Еңбек адамы


 



Ғылым академиясының беделі, абыройы мінсіз болуы қажет. Нағыз ғалым болу – академик не болмаса доктор атағына ие болу емес, жан-дүниеңмен беріліп ғылыммен айналысу, зерттеу жүргізу арқылы қоғамға, елге пайдаңды тигізу екенін назарда ұстау қажет.


Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.





Бүгінгі заман білім мен ғылым заманы. Білімі мықты, ғалымы қарымды болмаса, дарынды ұрпақ қайранда қалған шарасыз шабақтың күйін кешері анық.  Осы екі салаға табан тіреп, адалдық танытқан, ұрпақ жайын санасынан бір сәт те шығармаған ұстаздар мен ғалымдардың еңбегі ерлікке пара-пар.


Осындай азаматтардың қатарында белгілі ғалым, педагогика ғылымының докторы, беделді де белді профессор-оқытушы Тұрсынбек  Баймолдаевтың есімі ерекше асқақ аталады. Ол – ғылым мен білімнің өз өкілі. Ел адамы. Көп ішінен шыққан  халықтық педагогиканың адамы.


Ел адамының көбі "ұлтым, жұртым" дейді, олардың өн бойында халықтық қасиет, қарғадайынан байтақ далаға, кең кеңістіке көз салып өскен мейірім мен шапағат "менмұндалап" тұрады.


Тұрсынбек аға сөз саптағанда, әркез ұлттық мүддені ұлықтайды. Бір алқалы басқосуда: «Қазақ үшін жаратылыстың темірқазығы – ауыл. Сондықтан да біздің құндылықтарымыздың қайнар көзі де – сол ауыл», – деді.  Ғалым  ұлтқа керек үш тұтастықты атады: «Ел, Жер, Тіл үшеуі – ұлттық болмыс пен тұтастығымыздың айғағы!». Нақ  анық!


 


Қамқорлығы бір төбе


 Ұлттық  демографияны деміктірмей, ілгері жылжытуда «төрткүл дүниенің 40-тан астам мемлекетін мекендеп жатқан бес миллионнан астам қазақ үшін  де  тәуелсіз Қазақстан – өз Отаны. Ендеше, неге осы Отанда бірлесіп өмір сүрмеске, еңбек етпеске» дегенді де Тұрсынбек аға іркілмей алға тартып: «Оларды атажұртқа жеткізе алсақ,  қатарымыз көбейіп, қуатымыз да артады», – деп еді бір жолы қасқайып тұрып.


Бұл ойдың толғағы  қазір де ащы десек, артық айтқандық емес. Өзбек бауырлардың өсу қарқыны  тіпті бөлек. 36 миллионнан асып кетті. Ал жері байтақ, байлығы ұшан-теңіз Қазақ  мемлекетінің жұрты 20 миллионға  жетер-жетпес.



Сол ұлттық демографияға аз да болса септігі тиер деген ниетпен, шетелдерде тұрып жатқан бауырлардың балаларын Отанына тарту мақсатында 2004 жылы елордада «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» деген атпен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен І Халықаралық олимпиада тұңғыш рет өтті. Оған ондаған мемлекеттен жүзге таяу ұл-қыз қатысты. Мектеп бітіретін түлектердің  озықтарын елде қалдырып, жоғары оқу орнында білім беру ісі  қолға алынып, ол өз нәтижесін беріп, күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Содан бері екі мыңға таяу жас атамекенде қалып, ел дамуына үлес қосумен қатар, деміктірмеу жолындағы демографиямызға да елеулі септігін тигізіп отыр.



Мұны  айтудағы мақсат – айтулы ғалым, тіл тірегінің бірегейі, академик Өмірзақ Айтбайұлы бастаған қазылар алқасының құрамында Тұрсынбек Баймолдаев та болған еді. Ол әр баланың тағдырына сергектікпен қарады, оларға барынша қамқорлығын жасады. Қазір де сол қалпынан танбай келеді. Бұл оның адами қасиетін, азаматтығын көрсетсе керек.


 


Парасат биігіндегі тұлға


Білім, ғылым саласындағы Тұрсынбек Молдаханұлының асқан белесі, шыққан биігі бекемдігімен белгілі. Оның үлгі етерлік игілікті ісі – өзі айтқан темірқазығы – ауылынан кіндік үзбей, қолынан келген көмекті жасап келе жатқаны да қуантады. Халқымыз имандылыққа бет бұрғанда, еліне алғашқылардың қатарында, мешіт тұрғызып беріп, талайды тамсандырды.


«Өзі болған қыз төркінін танымайдының» керін келтіріп, қалада қалып қойғандарды ойға батырды, оянған саналарды серпілтті.


Саналы ғұмырын ұлт біліміне арнап келе жатқан зерделі ғалымның сан тарау зерттеулерінің ішіндегі шоқтығы биік еңбегі – «Білім беру жүйесін басқарудың әдіснамалық негізі» атты кітабы екені мәлім. Ақиқаты керек, біз көп жағдайда білім ісін жан-жақты сөз етіп, алтын өзек тәрбие беруді, білімді басқаруды қалтарыста қалдыра беретініміз бар. Бұл еңбек сол олқылықтың орнын толтырып тұрғаны сөзсіз.



Монография іргелі дүние, берер мағұлматы да мол. Жалпы білім беретін мектепті басқарудың теориялық-әдіснамалық негіздерін тарқатқан тұста, бастау басы саналатын тарихына тереңдеп барып, оған қатысты тақырыптарды қозғайды. Әлемдік тәжірибелерді ұлттық желілермен ұштастырып, біз де құралақан емеспіз деп, қазақтың қарым-қабілетін нақты тарихи деректермен, тарихи тұлғалардың еңбектерімен дәйектейді. Осыдан келіп, мазмұнды туындатады. Өзге жұрттардың ерекшеліктерінен мысалдар келтіріп, бүгінгі күнмен сабақтастырады. Тағы да өзімізде бармен көзге ұрады. Басқаруды ұйымдастырудың әдістемесінде әр басшының міндеті сараланады, орындаушының атқарар ісі, теория мен өмір шындығы қатар келіп нақтыланады.



Әлбетте, көлемді еңбекті шағын мақалада жіліктеп шыға алмайтынымыз рас. Парақтап отырғанда олқылықтардың ойсыраған орны толатынына көз жеткізесің. Жеткізесің де, риза боласың. Білімді басқару үшін білігің мықты болмаса, ой-өрісіңді кеңейте алмайтының белгілі. Бағың жанып, басшы болғаныңмен, сан түрлі мамандық иесінің тілін тауып, үдеден шығу оңай емес екен-ау дейсің. Абыройсыздық сондайдан болатынын аңғарасың. Одан арылу жолы: теория мен тәжірибені жарасымды жалғасаң ғана  қонған бақ ауып емес, тауып қонғанын зерделейсің. Ғалымның  ұзақ жылдар бойы зерттеп, ой таразысынан тиянақты өткізген  кітабы –  қолдан түспес нағыз оқу құралы екені сөзсіз.  



Жалпы, ғалымның қай зерттеуін зерделесеңіз де, ел адамы ретінде парасат биігінен  бағыт береді: «тіліңді біл, ұлттық менталитетіңнен көз жазып қалма, құбыласы қырық құбылған жаһандану кезіндегі мәңгілігің –  халықтық қалыбың, салт-санаң, ұлттық мөлдір ой әлемің» дейді.



«Дандайсысаң – даңқың мен дақпырттың құрбаны боласың, кісілікпен жүрсең – қателік сенің құрбаның болады» деп ұлт батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай, байлыққа емес, елдікке ұмтылайық. Ұрпағымыз халқының  мәртебесін биіктерге көтерсін», – депті бір толғау мақаласында ұлтын ұлықтаған профессор. Ақиқат сөзге алып-қосарымыз жоқ...



Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:58

19:29

19:08

18:50

18:14

18:03

17:48

17:33

17:22

17:10

16:42

16:30

16:21

15:58

15:37

15:19

15:04

15:03

14:49

14:45

14:20

14:07

14:03

13:59

13:09