«Ел тірегі – Елбасы» атты салтанатты жиын өтті

«Ел тірегі – Елбасы» атты салтанатты жиын өтті
Cурет: Aikyn.kz

Түрлі сала мамандары қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды

Тұңғыш Президент күніне орай «Ел тірегі – Елбасы» атауымен Шымкент қаласында салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Аikyn.kz-ке сілтеме жасап.

Мерекелік кеште ұлт Көшбасшысының еліміздің егемендік алған жылдарынан бастап, мемлекеттің дамуы мен өркендеуі жолындағы ерен еңбегі жайлы «Елбасы жолы» бейнефильмі көрсетілді. Экономиканы нығайтып, ішкі келісімді бекемдеп, өзге елдермен дипломатиялық байланыстар орнатудағы Елбасының іскерлігі мен кемеңгерлігі ерекше аталды.
Мерекеге орай өткізілген салтанатты жиында Шымкент қаласының дамуына үлес қосып келе жатқан түрлі сала мамандары қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Олардың ішінде көз жанарынан айырылып, зағип болып қалғанына қарамастан, аула сыпырушы болып жұмыс істейтін Нұртілеу Жаналиев те бар. Ол шаһардағы коммуналдық тазалық мекемесінде 11 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Жігерлі жан мереке қарсаңында ерекше қуанышқа бөленгенін айтты.

– Тазалықты сүйемін. Сондықтан да аула сыпырушы болып еңбек етемін. Қаланың тазалығына үлес қосып келемін. Мен үшін бүгін үлкен қуаныш. Бұл – менің алғашқы марапатым, – дейді коммуналдық тазалық мекемесінің жұмысшысы Нұртілеу Жаналиев.

Атаулы кешке эстрада жұлдыздары да қатысып, елдік жолына арналған әндерді орындады. Кеш соңында «Жас Ұлан» мектебінің 100 сарбазы Елбасының сөзіне жазылған «Елім менің» әнін шырқады.