Ел тұрғындары макаронды көп тұтынады

Ел тұрғындары макаронды көп тұтынады
Сурет: Halyq-uni.kz

Жан басына шаққанда қазақстандықтар 17-18 келі макарон өнімдерін тұтынады.

Биыл Қазақстанда 39,3 мың тонна макарон өнімдері шығарылды.  Айта кетсек, аталған өнім қымбаттаған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Кеспе және макарон өнімдері - қазақстандықтардың рационындағы маңызды элементтердің бірі. Әсіресе, аталған өнім ұлттық тағамдармен тығыз байланысты.

Қазақстанда биыл бірінші тоқсанда макарон түрлері өндірісі 39,3 мың тоннаны құрады, көрсеткіш өткен жылмен бірдей (- 0,8%).

Макарон өнімдері негізінен Қостанай облысы, СҚО, БҚО және Астана, Шымкент қаласында шығарылады. Еліміздегі макарон өнімдерінің 77% аталған өңірлерге тиесілі.

Өнімнің 33%-ға жуығы жұмыртқа негізінде дайындалады. Биыл үш айда 12,8 мың тонна жұмыртқа қосылған макарон өнімдері шығарылды.

Оның ішінде 11,7 мың тоннасы - түрлі макарон және 1 мың тоннадан астамы - кеспе.

Өткен жылы макарон өндірісі 166,1 мың тоннаны құрады, бұл 2021 жылға қарағанда 4%-ға жоғары.

Рекордтық өндіріс 2020 жылы тіркелді, яғни 178,9 мың тонна.

Елімізде макарон өнімдерінің танымал және сұранысқа ие екенін ескерсек, аталған сектор аса маңызды. Сондықтан өндірістің ұлғаюын оң көрсеткіш деуге болады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2021 жылы макарон өнімдерін (вермишель, спагетти, макарон және рожки) тұтынуды жан басына шаққанда 18 келіні құрады. Бұл Тунис елімен салыстырғанда бір есе, ал АҚШ-тан екі есе көп.

Өткен жылы тұтыну жан басына шаққанда 17,3 келіге дейін аздап төмендеді. Соған қарамастан басқа елдермен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш. Алуан түрлі ұлттық тағамдарды ескерсек, бұл таңқаларлық емес.

Биыл үш айдың қорытындысы бойынша елімізде макарон өнімдері 35,1%-ға қымбаттады. Оның ішінде кеспе 36,2%-ға, вермишель 35%-ға және рожки бағасы 33,2%-ға өскен.

Осы тұста шағын және орта бизнеспен пен тамақ өнеркәсібіндегі өндірісті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар стратегиялық маңызға ие.