Ел тағдыры – сайлаушылардың қолында

Ел тағдыры – сайлаушылардың қолында
Сурет: Сайлау 2023

Сайлауға қатысып, дауыс беру азаматтарға билік органдарына өз мүддесін білдіруге мүмкіндік береді. Мұндай пікірді «Ғылым ордасы» РМК бас директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Сейдин айтты.

«Қазақстан халқына саналы саяси таңдау жасауға конституциялық құқық берілді. Бюллетеньдерді урнаға сала отырып, біз халықтық Парламентті, халық қамын жейтін мәслихаттарды құрамыз», – деді Нұрлан Сейдин.

Тарих ғылымдарының кандидаты Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау Мемлекет басшылығы жүйесін жаңғыртудың түйіні болатынын атап өтті.

«Кейінгі жылдары саяси және конституциялық реформалар шеңберінде билік өкілеттіктерін Парламенттің рөлін арттыру жағына қайта бөлу жүргізілді. Саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің рөлі күшейіп, сот жүйесі жаңғыртылуда», – дейді Нұрлан Сейдин.

Саясаттанушы белсенділіктің маңыздылығын атап өтті. Нұрлан Сейдиннің айтуынша, азаматтар ел болашағына өз үлесін қоса алатын мүмкіндігін жіберіп алмауға тиіс. Яғни әрқайсысымыз дауыс беруден шет қалмауымыз керек. 

«Біз болашағымызды жоспарлайтын науқанды сырттай ғана бақылап отырмауымыз қажет. Қазақстанның келешегі туралы сөз болғанда белсенділігіміз ауадай керек. Елдің келешегі – өз қолымызда. Егер сіз өз еліңіздің саналы, белсенді азаматы болсаңыз, шетте қалмаңыз және бұл менің азаматтық ұстанымым», – деді Нұрлан Сейдин.