Ел мақтанышы

Ел мақтанышы
Сурет: Qazaqparat.kz

Батыр тұлға

Ұзақ жылдар ел тізгін ұстаған көрнекті тұлға мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенев қазақтың ұлтын сүйген арда ұлдарының бірі бола білді. Өткен ғасырдың өзінде елдік мәселелерге белсене атсалысты. Жақында ұлт қайраткеріне арнап елордамызда ескерткіш ашылды. Ұлтжанды азамат туралы бірқатар ойларды ортаға салуды жөн көрдік.

Қарапайым ауыл баласы, өз бетімен тірлікке ерте араласты. Оның балалық шағы нәубетті кезеңдерге тап келді. Ол уақыт «Байтал түгілі бас қайғының» кері келген заман болатын. Ашаршылық пен соғыс жас Жұмабектің ерте жетілуіне себепкер болды. Ақмола облысының Танагүл ауылында балалық шағы өтті. Қарапайым тіршілік кешіп, өзінің алға ұмтылысы нәтижесінде оқуда озат, қызметтік ортада үлгі істер көрсетті. Солтүстік өңірлерде аудандық партия қызметтерін абыроймен атқарды. Өзінің іскерлік қасиеттерімен жастайыннан көзге түсті. ХХ ғасырда мұншалықты мансаптық өрлеу жасай алған азаматтардың алғашқы шебінде ұлт мақтанышы да болды.

Сонымен қатар Жұмабек Ахметұлы ұлт пен елдік мәселеге ерекше мән берді. Сол шақта еліміздің батысы мен оңтүстігіне қатысты шешімдерге түбегейлі қарсылық танытты. Әсіресе, Кеңес Одағы ішіндегі көрші республикаларға беруге үзілді-кесілді қарсы болды. Тіпті солтүстік облыстардың басына да дәп осындай жағдай орнағанда, табанды түрде наразылық білдірді. Өзінің мансаптық дәрежесінен гөрі ұлттың мүддесін бірінші орынға қойды. Ешкімнің қаһарынан қаймықпады. Оның қазақы рухы әрдайым тура жолға бастады. Енді бір табан жақындаса, республиканың бірінші хатшысы болар еді. Бірақ, абзал азамат ел басына күн туғанда тасада қалуды жөн көрмеді. Бәлкім, қазақтың маңдайы жарқыраған алтындай ұлдарының арқасында осы күнге жеттік десек, артық айтпағандық болар.

Елдің ішінде қайраткерге байланысты аңызға айналған әңгімелер көптеп кезігеді. Халқы оны ерекше ықыласқа бөлеп жақсы көрді. Бір қызығы, түкпір-түкпірдегі елді мекен тұрғындарына шейін сыйлы болған екен. Бір кезде Жолдыбай Базаров мынадай оқиғағаның куәсі болыпты. Журналистің ауылында бір ақсақал соңғы демі бітуге аз ғана уақыт қалғанда көңілін сұрап келуші адамдардың біріне: «Өлсек, өлерміз. Тәшеновтен жанымыз артық па?» – деп айтыпты. Осыған қарап қазақ жұртының оған ерекше разылықпен қарағанын аңдаймыз.

Ол кісінің оңтүстік өңірлерде атқарған жұмыстары әлі күнге шейін ел есінде. Қазақ жұрты арда азаматтың еліне жасаған игі істерін әліге дейін аңыз етіп айтып жүр. Халқымыз «жақсының аты өшпейді» деп текке айтпаған. Өйткені өз елінің қамы үшін, отқа да суға да түскен батырлардың ерлігі мәңгіге ел есінде қалады. Оны біз тарих парақтарынан білеміз.

Заманында ұлт үшін аянбай қызмет еткен қазақтың маңдайына біткен оғландары аз болмаған. Оны әр саладан көруге болады. Мәселен, ХІХ ғасырда қазақ сахарасына, оның сыртында Қашқар, Ыстықкөл сапарларын жасаған Шоқан Уәлиханұлын тілге тиек етуге болады. Ғалым әскери, өнер, мемлекет ісімен қатар ғылыммен де айналысты. Осылайша қоғамға өз пайдасын тигізді. Алаш алыптары ұлты үшін аянбады. Күндіз-түні жұмыс істеп, халқымыздың руханияты мен өркениетінің дамуына орасан зор пайдалы істер жасады. Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, тағы да басқа арыстардың еңбегі ұшан-теңіз. Солардың заңды ізбасары деп Жұмабек Ахметұлын айтуға толық негіз бар.

Біздер әрдайым батыр бабалардың заңды жалғасы деп теңеу айтып келеміз. Қазақша айтқанда, Жұмабек атамыздың іскерлігі бір төбе. Мемлекеттік қызметті адал атқарып, ел мүддесіне қызмет етуді басты назарда ұстады. Қазақ руханиятына қызмет етіп жүрген азаматтарға үй-жай бергізген. Сөйтіп, талай игі істердің басы-қасынан табылды. Бұрынғылар  «жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» деп айтуы бекер емес. Артындағы ұрпақтары, бүгінгі біздер батыр тұлғаларымызды ұлықтауды жөн санаймыз.

Түйіндей  келе, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы  Сағадат Нұрмағанбетов «Жұмабек Тәшенов қандай қызметте болса да, ең алдымен өз елінің мақсат-мүддесінен шығатын, халықтың жағдайын ойлайтын, ұлттық мәселелерді КСРО басшыларының алдында тайсалмай қоятын, жүрегі қазақ деп соғатын біртуар азамат еді» депті. Қазақ халқының маңдайына біткен айбынды һәм жігерлі тұлғалары болған. Әрдайым ізгілік тұғырынан көріне білген нағыз азамат. Ел мақтанышына айналған арда оғландар аман болсын!