Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды

Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды
Сурет: Khabar.kz

Барлық қазақстандықтарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі тойымен құттықтаймын!

Отыз жыл – бір ұрпақ белесі. Осы отыз жылда қалыптасқан ұрпақтың алды Тәуелсіздік құрдастары болса, міне, олар да орда бұзар жасқа келіп, қоғамның барлық салаларында жемісті еңбек атқарып жүр.

Таяуда Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы жарық көрді. Елбасы тәуелсіздік жолында қанша ата-бабаларымыздың құрбан болғанын айта келе, Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялау тұсында болған тарихи сәттерімен бөлісіп, өзі басқарған кезеңдердегі қиыншылықтар мен қуаныштарды еске алып, кейінгі жастарға тағылымды ойларын жеткізіпті. Әуелі Патшалық Ресей империясының отарлау саясаты, одан Кеңес үкіметінің тоталитарлық режимінің жемісі болған ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, репрессия салдарынан талай асылдарымыздан, рухани құндылықтарымыздан, тарихи жәдігерлерімізден, салт-дәстүрлерімізден айрылып, ұлттық болмысымызды жоғалтып ала жаздағанымызды тілге тиек етіп, егемендіктің арқасында қайта жаңғырып, дамудың даңғыл жолына түскенімізге тәубе дейді.

Жас мемлекетіміздің іргелі елге айналуына Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орасан зор еңбек сіңіргені белгілі. Оның көрегенділігі мен ел басқарудағы тәжірибесінің, әлемдік саясаттағы дұрыс ұстанымдарының арқасында тәуелсіз еліміз қарыштап дамып, қазіргі таңда әлем таныған Қазақстанға айналып отыр. Әрине, мұндай жетістіктерге жетуде оны қолдаушы халқы мен әртүрлі сала мамандарының үлесі де зор. Әсіресе, Елбасының ең маңызды шешімдерінің бірі – әлемдегі төртінші ядролық қару арсеналына ие бола тұра, одан бас тарту, елімізді жаһандағы бейбітшілік жаршысы деген атқа ие болуына ықпал етіп, расында да адамзат үшін ең жойқын зардап әкелуші жаппай қыратын қарудың дамуына тосқауыл қоятын үлкен қадам болғаны баршаға аян. Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен еліміздегі түрлі салаларда көптеген игі істер жолға қойылғанын да көпшілік жақсы біледі.

«Ел ағасыз болмайды, тон жағасыз болмайды» дейді бабаларымыз. Қай заманда да халқымыз үлкенді сыйлап, олардың даналыққа толы өсиеттерін орындап, болашаққа бағыт алып отырған. Әуелден мекен еткен ата қонысымыз, осынау ұлан-ғайыр жерді жанкештілікпен қорғап, біздерге аманаттап, сондай-ақ адамгершілік пен мейірімді, достық мен адалдықты, ұят мен намысты, ынтымақ пен бірлікті ар еткен озық дәстүр қалдырған ата-бабаларымыздың тектілігі мен ерлігінен асқан үлгі жоқ біздерге. Тәуелсіздік – бізге сол бабаларымыздың жасаған ерліктері мен еткен дұғаларының беделіне берілген Жаратқанның сыйы. Ендігі жерде оны сақтап, баянды ету – бізге жүктелген міндет.

 

Арман Жүдебаев,

Құрманғазы атындағы

Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері