Ел арасында жасанды интеллекттің ықпалын асыра бағалаушы­лар өте көп...

Ел арасында жасанды интеллекттің ықпалын асыра бағалаушы­лар  өте көп...
almaty-akshamy.kz

ХХІ ғасырда инновациялық технологиялар кең ауқымда қоғамның барлық саласына еніп қана қоймай, сонымен қатар қалыптасқан құнды­лықтарға өзгеріс алып келуде. Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар саласынан бастап, медицина, қаржы, құрылыс, коммуникация және саяси қоғамдық салаларға жасанды интеллектіге негіз­делген технологиялар жаппай кірігуде. Адамзаттың дамуын­да бу машинасының, электр тогының қолданысқа енгізілуі күрделі өзгерістердің бастама­сы болған болса, ХХІ ғасырда жасанды интеллектке негіз­делген технологиялар алдың­ғы шепке шықты. 2023 жылы, Гугл ақпараттық іздеу жү­йесінде «жасанды интеллект» ұғымы қолданушылар тара­пынан жыл бойына ең көп сұралған тақырып болды. Бүгінде аталмыш технология­лық жаңалықтар елімізде де кеңінен қолданысқа енуде. Осы орайда жасанды интел­лектке негізделген техноло­гиялардың қоғамдық құнды­лықтарға ықпалы қандай? Олар адам өміріне қандай өзгерістер мен мүмкіндіктер алып келеді?

Төрт қабілет, төрт бағдар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономика­лық бағдары» атты Қазақстан халқына Жол­дауында еліміздегі жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіге негізделген техноло­гияларды оқытатын факультеттер ашу қа­жеттігін, жақын болашақта аталмыш техно­логияның жоғары маңызға ие болатындығын атап өтті. Бүгінде адамзат баласы ақпараттың аздығынан емес, керісінше оның тым көп болғандығынан жапа шегуде. Себебі, соңғы елу жылда жинақталған ақпарат көлемі соң­ғы мың жылдық кезеңмен бірдей ауқымда. Қазір де барлық салада жасанды интеллект технологияларының ықпалы, рөлі, маңызы туралы көп айтылуда. Сәйкесінше, қандай да бір зат бойынша ақпарат көбейсе, арасында негізсіз, жалған ақпараттар мен стереотипке негізделген ойлар да бірге жүреді. Сол се­бепті, жасанды интеллект технологиялары­ның шынайы әлеуетін қоғамда кеңінен тал­қылау қажет деген ойдамыз. Технологияның жасанды интеллект аталу себебі, келесі төрт қабілетіне байланысты:

  • – Ауқымды ақпараттық база негізінде, кез келген жаңа тапсырманы белгілі бір уа­қыт көлемінде меңгере алуы. Мәселен, IBM компаниясының бағдарламасы шахмат ойы­нын 115 минутта меңгертіп, тәжірибелі ойыншыны жеңгендігі дәлел;
  • – Ақпаратты талдай алу қабілеті. Сәй­ кесінше, әрбір қолданушының сұранысы бойынша, ерекше ақпараттық алгоритм бо­йынша жұмыс жасай алады. Белгілі бір уа­қыт көлемінде қолданушыны толық зерттеп, нақты не қажет екендігін біле алатын сенімді көмекшісіне айнала алады;
  • – Өз қателігінен өзі сабақ алу қабілеті. Бұл қабілеті өте маңызды. Себебі, уақыт өткен сайын әлеуеті артып, күрделі сұрақ­тарға нақты жауап бере алатын болмақ;
  • – Шығармашылық қабілеті. Яғни ауқым­ды ақпараттарды талдау арқылы, визуалды статистикалық мәліметтер, жаңа идеялар, мәтіндер мен тіпті музыка жазу қабілеті.

Цифрлық технологиялық дүмпу

ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры ғана емес, сонымен қатар технология ғасыры. Соңғы ширек ғасырдағы адамзат қолданысына ен­ген технологиялық жетістік, өткен екі жүз жылдық кезеңмен пара-пар. Күнделікті өмірімізге еніп жатқан ақылды смартфоннан бастап, сутегі, күн энергиясымен жүретін көліктер, онлайн төлем жүйесінің артуы, қа­шықтықтан білім беру, емдеу, психологиялық көмек көрсету сынды қоғам өмірінің басым бөлігі цифрлану барысында. Біз мұны соңғы ширек ғасырдағы цифрлық технологиялық дүмпу деп атаймыз. Адамзат тарихында тех­нологиялық жетістіктерге жету және оны қоғамдық өмірге қолданысқа енгізу ерте ке­зеңдерден бастау алады. Ғылым мен білімнің дамуы қоғамға біршама игіліктер мен мүмкіндіктер алып келеді. Алайда, жаппай қоғамдық қолданысқа енгізіліп жатқан жаңа­лықтардың әлеуметтік теңдікті қалыптасты­рудағы рөлі толық зерттелмей, қоғам назары­нан тыс қалуда. Мысалы, Еуропада орта ғасырда су көліктерінің жаппай дамуы, отарлық саясатқа алып барды, бу машинасы­ның кеңінен қолданылуы, сәйкесінше, ау­қымды капиталға ие азшылық қалыптасты­рып, жұмысшы табын құрды. Бұл тұрғыда жасанды интеллектке негізделген техноло­гиялардың әлеуметтік теңдік қалыптастыру­дағы ықпалы қандай болмақ?

Қазіргі таңда жасанды интеллектіге негізделген технологиялардың бір саласы чатботтар, яғни сұрақ-жауап форматындағы құрылым жоғары сұранысқа ие. Аталмыш платформа тегін және ақылы негізде қызмет көрсетеді. Алайда, жақын болашақта кәсіби қызмет көрсететін, толық қалыптасқан фор­маттары тек ақылы негізде ғана қолжетімді болатынын ескерсек, әлеуметтік негізде ка­питалистік азшылық пен бұқаралық тұтыну­шылар арасында таптар бөлінісін алып келу ықтималдылығын көреміз. Бұл тақырып ау­қымды зерттеуді талап етеді. Жасанды интел­лектіге негізделген технологиялардың қолда­ну аясы кешенді болғандықтан, жасанды интеллектілі бағдарлама негізінде жұмыс жасайтын бағдарламалар түрлері өте көп. Алайда, OpenAI компаниясы жариялаған чатбот (сұрақ-жауап) форматында жұмыс жасайтын СhatGPT моделі қазір жоғары сұ­ранысқа ие болып отыр.

OpenAI компаниясы – саладағы көшбасшы

Америкалық OpenAI компаниясы 2022 жылғы 30 қарашада, алғаш рет жасанды ин­теллектіге негізделген, диалог форматында жұмыс жасайтын ChatGPT платформасын таныстырды. Басты ерекшелігі – мәтінмен жұмыс жасайтын, қарапайым бірақ бірегей жоба болуында еді. Алғашқы бес күннің өзінде оны бір миллионнан аса қолданушы қолдады. Қазір OpenAI компаниясы, 3.0, 3.5. және 4.0 cынды бағдарламаларын жарияла­ды. Әрбір нұсқасы жаңа толықтырулармен және ауқымды функцияларын қосқандығы­мен ерекшеленіп, видео жасау, фото, музыка жазудың жоғары деңгейіне жетіп отыр. Со­нымен қатар, ақпараттық технологиялар са­ласында ауқымды нарық қалыптасып, басқа да Google, Microsoft және т.б компаниялар жасанды интеллектіге негізделген платфор­маларын жариялауда. Алайда, қолданушылар саны бойынша OpenAI компаниясы көш алда.

OpenAI компаниясы 16 қаңтарда өзінің маркетплейсін жариялады. Қазірдің өзінде 100-ден астам түрлі салаға қажетті бағдарла­малар бар. Ғылыми-зерттеулер саласында соңғы алты айда елуден аса жасанды интел­лектіге негізделген платформалар жариялан­ды. TechIndustry болғандықтан, бірі екіншісі­нен асып түскісі келеді. Арасында өте керемет те, негізсіз нашар бағдарламалар да бар. Қазіргі таңда елімізде ғана емес, әлемде қолданушылар аясында жасанды интеллект платформаларын жұмыс, оқу, зерттеу бойын­ша қолдануда этикалық негіздері, филосо­фиялық ерекшеліктері сынды көптеген сұ­рақтар қалыптасуда. Бұл тұрғыда келесідей маңызды шарттарға назар аударғанымыз жөн.

Біріншіден, ChatGPT немесе басқа да бағдарламалар Сіз үшін ешқашан мақала, диссертация, кітап жазып бермейді. «Енді ғылыммен айналыспауға болады, кітапты да, зерттеуді де арнайы бағдарламалар жаза бе­реді» деген ой негізсіз, жалған. Қандай да мәтін жазып бергенмен, антиплагиат бағдар­ламалары арқылы оңай анықталынады;

Екіншіден, жасанды интеллект техноло­гияларын тиімді қолдану үшін танымдық тұрғыда келесідей түсініктерді қалыптастыр­ған жөн:

  • – Жасанды интеллект «жетекші», «құпия профессор» ретінде қолдануға болмайды. Бірақ оны «ассистент», «көмекші» ретінде ұқыпты жәрдемші ретінде қолдануға болады. Сәйкесінше, көмекшіміз жасаған жұмыс екі рет тексеруді талап етеді.
  • – Жасанды интеллектке ешқашан зият­керлік, интеллектуалдық жұмысты сеніп тапсыруға, беруге болмайды. Бірақ қандай да ауқымды жұмысты мәні бойынша құрылым­дық талдауға немесе белгілі бір тақырып ая­сында брэйншторминг жасауда, физикалық, тапсырманың мәнін өзгертпейтін жұмысты беруге болады. Құрылым жасауға болады, контент жасатуға болмайды.

Үшіншіден, ХХІ ғасырда ғылымда ақпа­раттың, датаның жоқ болуынан емес, тым көп болуынан кедергілер туындауда. Мыса­лы, гуглға қандай да бір тұжырымдама жаз­саңыз, бір секундта жүз мыңдаған ақпарат тауып береді. Көп. Тым көп. Бұл тұрғыда жасанды интеллект негізінде жұмыс жасай­тын бағдарламалар ( мысалы, literal, litmaps, researchrabbit, etc), шартты түрде екі мың беттік құжаттан сіздің тақырбыңызға байла­нысты ақпарат жазылған 1324 бетті нақты тауып бере алуымен, көп шаруаны аз уақытта бітіруге мүмкіндік аласыз. Мысалы, 12 қаң­тар күні ақпараттық гигант, Elsevior компа­ниясы өзінің SCOPUS AI бағдарламасын жариялады. Бұл қызмет арқылы СКОПУС базасынан журнал, мақала табу бірнеше есе­ге жеңілдейді.

Алайда, жасанды интеллектке негіздел­ген технологиялар тек ақпараттық талдау, ғылыми зерттеу саласында ғана емес, соны­мен қатар әскери, қауіпсіздік, медицина, қаржы салаларына да белсенді түрді кірігуде. Халық арасында жасанды интеллект техно­логияларының ықпалын асыра бағалаушы­лар да өте көп. Бірі роботтар жұмысымызды тартып алады десе, екіншісі тіпті мемлекет­тер арасындағы соғыстар роботтар арасында болады деген сыңайдағы пікірде. Алайда, мойындайтын бір факт бар, жасанды интел­лектке негізделген технологиялар сіздің жұ­мысыңызды тартып алмауы мүмкін, бірақ соңғы технологияны меңгерген келесі бір маманның жұмысыңыз­ды тартып алу мүмкіндігі әбден мүмкін. Сондықтан жаңа техно­логияны меңгеру ешқа­шан кеш емес.