Елімізде пәтер жалдау бағасы қымбаттады

Елімізде пәтер жалдау бағасы қымбаттады
Сурет: Tengrinews.kz

Қазақстанда пәтер жалдау құны бір жылда 18,5% өскен

2021 жылдың қазан айында жалға берілетін тұрғын үй құны 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда рекордтық 18,5 % артты. Бір жыл бұрын бағаның өсуі 9,8 % болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

EnergyProm зерттеу агенттігінің мәліметінше, Алматы облысында пәтерді жалдау бағасы – 4,2%-ға, Батыс Қазақстанда – 37,4%, Алматыда – 35% және Шымкентте –33,8% өскен. Қыркүйекте пәтерді жалдау бағасы 1,1% қымбаттаған. Баға негізінен шілде айында анағұрлым көтеріліп, 4,2% дейін артты. Қыркүйекте ел бойынша жалға берілетін пәтердің бір шаршы метрі орта есеппен 1877 теңге болған. Дегенмен, ірі қалаларда бір шаршы метрдің құны 3 мың теңгеден асып кеткен.

Мәселен, Нұр-Сұлтанда бір шаршы метр – 3443 теңге болса, Алматыда – 3062 теңге, Ақтауда – 2359 теңге, Түркістанда – 2307 теңге болған. Еліміз бойынша Таразда пәтерді арзанға жалдауға болады, онда жалға берілетін пәтердің бір шаршы метрі – 1370 теңге, Қызылордада – 1398 теңге және Семейде – 1452 теңге.