Елімізде артиллеристер кәсіби мерекелерін атап өтуде

Елімізде артиллеристер кәсіби мерекелерін атап өтуде
Сурет: Gov.kz

4 қазан – Қазақстан Қарулы Күштерінің Зымыран әскерлері мен артиллерия күні.

Қорғаныс министрінің директивасымен 2000 жылдың дәл осы күні Зымыран әскерлері мен артиллерия қолбасшылығының басқармасы құрылған болатын, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

 Зымыран әскерлері мен артиллерия Құрлық әскерлерінің құрамына кіреді. Қарулы Күштердің даму кезеңінде әскерлер қолбасшылығының басқармасы, құралымдар мен бөлімдердің құрылымы үнемі жетілдіріліп келеді.

Артиллерия мен зымыран бөлімшелері барлық жалпы әскери, оның ішінде халықаралық деңгейдегі оқу-жаттығуларға үздіксіз қатысады. Әскери қызметшілер Армиялық халықаралық ойындары аясында өткен «Артиллериядан оқ ату шеберлері» конкурсында табысты өнер көрсетіп, еліміздің артиллеристері жаттығудың жоғары деңгейін көрсете отырып, жеңіс тұғырынан көрініп келеді.

Аталған әскерлер түрлерінің кадр офицерлерін Құрлық әскерлерінің Әскери институты мен Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті, сонымен қатар Санкт-Петербургтағы Михайловск әскери артиллериялық академиясы даярлайды. Одан бөлек, Алматы және Қарағанды политехникалық университеттерінің әскери кафедраларын бітірген түлектер жыл сайын әскери-оқытылған резерв қатарын толықтыруда.

Зымыран әскерлері мен артиллерияның әскери бөлімдері мен бөлімшелері кез-келген ұрыс жағдайында жауды атыспен жеңудің тиімді құралы болып табылатын зымырандық және артиллериялық жүйелердің барлық қажетті түрлерімен жабдықталған.

Қару-жарақ пен әскери техниканың қолда бар үлгілерін жаңғырту және жаңа үлгілерін сатып алу жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, әскерлерді артиллериялық оптикалық және радиолокациялық барлау құралдарымен қайта жарақтандыруға, артиллерияның атысын топогеодезиялық, метеорологиялық және баллистикалық қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Жаңа оптикалық-электрондық барлау жүйелерін, метеорологиялық, баллистикалық және топогеодезиялық кешендерді енгізу жалғасуда. Артиллериядан оқ атуды басқарудың автоматтандырылған жүйесін қалыптастыру жұмысы белсенді жүргізілуде.