Екі дзюдошымыз спорттық мансабын аяқтады

Екі дзюдошымыз спорттық мансабын аяқтады
Сурет: Оlympic.kz

Дзюдодан Қазақстан командасының мүшесі Елдос Жұмақанов пен Галбадрах Отгонцэцэг  спорттық мансабын аяқтады

Бұл туралы Оралда өтіп жатқан ел чемпионатында белгілі болды,  деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Оlympic.kz-ке сілтеме жасап

Елдос Жұмақанов ұзақ жылдар бойы Қазақстан командасының намысын абыроймен қорғады. 

66 келі салмақта сынға түскен ол спортқа бес жасында қадам басқан. Осы жылдар аралығында Елдос Жұмақанов әскерилер арасындағы әлем чемпионы, Гран-при турнирінің жеңімпазы (2013), аталған турнирдің күміс және қола жүлдегері (2016, 2019) атанды. 

Masters турнирі (2017) мен Еуропа кубогінің (2015) күміс жүлдегері. Сондай-ақ, Елдостың жүлде қоржынында Азия біріншілігінің төрт медалі бар. Ол 2015 жылы Эль-Кувейтте, 2016 жылы Ташкентте өткен құрлық додасында қола жүлдеге қол жеткізсе, 2017 жылы Гонконг және 2019 жылы Фуджейрада өткен Азия чемпионатында күміс медаль таққан. 

Сонымен қатар, Елдос Жұмақанов 2018 жылы Джакартада (Индонезия) өткен Азия ойындарының қола жүлдегері атанған.