Экс-министр 11 жылға сотталды

Экс-министр 11 жылға сотталды
Сурет: интернеттен

Оған мәдениет министрі және одан кейін Ұлттық музейдің директоры болған уақытында ұрлық жасаған деген айыптар тағылды.

Арыстанбек Мұхамедиұлына жаңа үкім шықты, бірақ әлі заңды күшіне енген жоқ, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ол бөтеннің мүлкін ұрлауды ұйымдастырғаны және оған көмектескені үшін сотталды

Астана қаласының сотының мәліметінше, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот үкімін шығарды.

«Ол өзінің орынбасарларымен алдын ала сөз байласу арқылы 2017-2019 жылдар аралығында «Әлем мұражайлары бойынша Алтын адамның шеруі» халықаралық көрме жобасын іске асыру шеңберінде "Э." ЖШС директорының орынбасары мен бухгалтерінің көмегімен 1,5 млрд. теңге сомасына бағаны көтеру жолымен, қызметтер көрсетуді және тауарды тиеп-жөнелтуді іс жүзінде орындамай, аса ірі мөлшерде жұмсау жолымен қаражатты жымқырған», – деп айып тақты сот.

Тағылған айып тізімінде бюджет қаражатын жымқырудың бірнеше фактісі бар. Сотта прокурор айыпты қолдап, сотталушыларға 2 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал адвокаттар сотталушыларды ақтауды сұрады.

«Сот үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы Қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлігі - 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы, 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы, 24-бабының 3-бөлігі - 249-бабының 1-бөлігі, 28-бабының 3-бөлігі - 250-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып және 13.02.2024 жылғы үкімді ескере отырып, ҚК-нің 58-бабы 6-бөлігін қолдана отырып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан және 11 жылға бас бостандығынан айырылды», - деп жазды Астана қаласының соты.

ҚР мәдениет және спорт министрлігінің талап арызы қанағаттандырылып, 3,5 млрд. теңгеден астам сомада келтірілген залал өндірілді.