Екпе құжатын сатып алу реанимацияға билет алумен тең

Екпе құжатын сатып алу реанимацияға билет алумен тең
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Вакциналау паспортын сатып алмай тұрып, өзіңіз бен жақындарыңыздың денсаулығына қауіп төндіретініңізді ойлаңыз!

Бүгін ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова осылай деді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

 «Паспорттың рас-өтірігін тексеру мүмкін емес, адамның өзі вакцина алмағанын, жалған құжат жасатқанын мойындаса ғана ашылады. Бұл ретте, құрметті қазақстандықтар, сіздер вакциналау паспортын сатып алғанда кем дегенде реанимацияға билет сатып алғаныңызды ескеріңіз. Сондықтан, мемлекет тегін қорғануға мүмкіндік беріп отырған кезде сіз өз қаражатыңызды жалған паспортқа жұмсағанда, жоғарыда айтқанымдай, ауырып қалуға, тіпті қайтыс болуға жолдама алғанмен тең боласыз. Сондықтан, өздеріңіз ойланып көріңіздер», - деді Айжан Есмағамбетова.

Спикердің айтуынша, қолдан жасалған паспорт үшін жауапкершілік қарастырылған.

«Паспортты қолдан жасау үшін де, қолдан жасау процедурасы үшін де, оны сатып алу үшін де жауапкершілік қарастырылған. Денсаулық сақтау министрлігінің өзі ведомствоаралық комиссияда жалған вакциналау паспорттары мәселесін көтерді. Ішкі істер министрлігі қолдан жасалған паспорттар бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғады. Әсіресе, вакциналаудың тиімділігіне күмән келтіріп жатқанда бұған жол беруге болмайды. Вакциналау паспортын сатып алмай тұрып, өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығына қауіп төндіретініңізді ойлаңыз, себебі вирус тасымалдаушысы болуыңыз әбден мүмкін», - деді ДСМ өкілі.