Екпе салдырсаң, маска тақпауға бола ма?

Екпе салдырсаң, маска тақпауға бола ма?
Сурет: Рngicon.ru

Бұрын дәріханада көп сатыла қоймайтын заттың бірі бетперде болса, бүгінде ол күнделікті қажеттілікке айналды.

ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова "вакцина алсам, бетперде тағудың керегі жоқ дейтіндер қателеседі" дейді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Бетперде тағу қазіргі жағдайда ғана емес, пандемия жарияланғаннан сәттен бері өзекті. Вакцина алдық, енді маска тағудың, қашықтық сақтаудың қажеті жоқ деп ойлайтындар қателеседі. Әзірге ұжымдық иммунитет қалыптасқан жоқ, вирус қоғамда жоғары деңгейде таралып жатыр, өкінішке орай, вакцина алғандар да ауырып қалуы мүмкін», - деп атап өтті ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Айжан Есмағамбетованың айтуынша, вакцинамен қатар алдын алу шараларын да сақтау маңызды.

«Өзіңіз туралы, жақындарыңыз бен қарт туыстарыңыз туралы ойланыңыз. "Дельта" штамының да әлдеқайда жұқпалы, көп адамға тез таралатынын және аурудың күрделі жағдайда өтетінін есте сақтаңыз. Құрметті қазақстандықтар, өтінеміз, барлық алдын алу шараларын сақтаңыздар», - деді ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы.

Бұған дейін Айжан Есмағамбетованың вакциналау паспортын сатып алу реанимацияға жолдама алғанмен тең дегенін хабарлаған едік.