Екпе де дертке дауа

 

Жер бетінде коронавирусқа дейін де оба, шешек, қызылша, көкжөтел секілді індеттің небір түрі тарап, талай адамның өмірін жалмағанын тарихтан білеміз.

 

Дәрі-дәрмек, вакцина жоқ кезде эпидемиядан адамдар қалай қорғанды? Әрине, әлеуметтік арақашықтық сақтау, бір елді мекеннен екіншісіне бармау, жиын-тойларды, ас беру секілді шараларды шектеу арқылы індетті ауыздықтауға тырысты. Дегенмен, мамандардың айтуынша,  қазіргі заманда қауіпті ауруларды алдын алудың, індеттің өршуін тоқтатудың бірден-бір жолы – жаппай вакцинациялау.

Коронавирус алғаш тарала бастағаннан-ақ адамдарға  өзін-өзі оқшаулау және карантин шараларын қатаң сақтау, бетперде тағу, адам көп шоғырланған жерлерге бармау жөнінде ақпараттар, түсіндіру жұмыстары барынша жүргізілуде. Мұндай шаралар қауіпті вирустың өршуіне біраз септігін тигізді. Алайда, қатерлі коронавирусты тек карантин  арқылы ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Сондықтан күн тәртібіне вакцинациялау мәселесі шықты. Бүгінгі таңда індет қатты өршіп тұрған біраз мемлекет КВИ-ге қарсы вакцинация жұмысын бастап та кеткен.

Вакциналау арнайы иммундық реакцияны ынталандырады, ол инфекциядан тиімді қорғайды және жаппай иммундау нәтижесінде популяцияда инфекция мен ауру қаупін азайтады. Вакциналаудың барлық тиімді жағы жан-жақты қарастырыла келе, Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация осы жылдың ақпан айында басталатын болды. Вакцинация тегін жүргізіледі.

Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша ЖРВИ-мен жаппай сырқаттанушылықтың және COVID-19-ға тұмау вирусының қабаттасуының алдын алу үшін жергілікті бюджеттен тәуекел тобындағы адамдарды тегін вакцинациялау үшін «Гриппол Плюс» тұмауға қарсы үшвалентті вакцинасының 430 000 дозасы сатып алынды.

Коронавирустық инфекцияға 18 жастан асқан адамдар егіледі. Егуді жүргізу алдында егілушіге міндетті түрде тексеру жүргізіледі. Медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайда вакцинация сауыққанға дейін кейінге қалдырылады. Коронавирустық инфекцияны жұқтыру және таралу қаупі жоғары медицина қызметкерлерін, педагогтерді, полицейлерді, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары жүйесі, тыныс алу органдары, қант диабеті сынды созылмалы аурулары бар адамдарды, медициналық-әлеуметтік мекемелердің персоналы мен контингентін қоса алғанда, халықтың осал топтары коронавирустық инфекцияға қарсы тегін вакцинациялауға жатады. Профилактикалық егулер медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдарға және егілетін адамның немесе оның заңды өкілінің жазбаша келісімімен жүргізіледі. Медицина қызметкері егуді жүргізу алдында егілетін адамға вакцинаның ықтимал жанама әсерлері және одан бас тартудың салдары туралы ақпарат бере отырып, тексеру жүргізеді.

Кез келген адам қандай да бір вакцина салдырарда оның сапасына күмәнмен қарауы заңдылық. Осы орайда мамандар елімізде қолданылатын вакциналардың сапасына сенуге болады деп отыр. Өйткені, Қазақстанда тіркелген барлық вакцинаның әрбір сериясы, партиясы медициналық ұйымдарға түскенге дейін олардың қауіпсіздігі мен сапасы бағалаудан өтеді. Бұл нарыққа тек тиімді және қауіпсіз вакциналардың жіберілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Екпені салдырар алдында әр адам вакцинаның құрамы мен өндірушісі туралы ақпарат берілген нұсқаулықпен танысуға құқылы. Кодекстің 77-бабына сәйкес ел азаматтарының профилактикалық вакцинациядан бас тартуға да құқығы бар. Эпидемиядан болатын зиянды вакцинация кезінде өте сирек кездесетін бірнеше реакциялар мен асқынулармен салыстыруға болмайтынын есте ұстаған жөн.

Қауіпсіз және тиімді вакциналар арқылы ұжымдық иммунитетті қамтамасыз ету ауру көрсеткішін төмендетеді және мыңдаған адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді.

 

Бір пікір

 Ләззат УМЕШОВА,  С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының ассистенті:

–  COVID-19 – вирустық инфекция. Сондықтан вакцина коронавирустық инфекцияға қарсы күресте жағдайды жақсартуға көмектеседі. Әлемдегі эпидемиялық жағдайдың нашарлауы мен коронавирустық инфекцияның жаңа штамының таралуы аясында халықты КВИ-ге қарсы вакцинациялаудың маңызы жоғары. Ұлыбританияда коронавирустың жаңа штамы бар, ол агрессивті түрде өтуде. Біздің елдегі вирус осы деңгейге дейін мутацияға ұшырай ма, жоқ па деген сұраққа жауап беру қиын, бірақ Қазақстанға бұл штамды Еуропадан біздің азаматтар әкелуі мүмкін, өйткені қазіргі коронавируспен де басында осындай жағдай болған. Сақтанып жүрейік!

 

Айнұр СЕНБАЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *