Екпе алмаған студент жатақханада тұра алмайды

Екпе алмаған студент жатақханада тұра алмайды
Сурет: Yandex.kz

Бірақ бұл шектеудің 18 жасқа толмаған, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және коронавируспен ауырып шыққан студенттерге қатысы жоқ.

Қазақстанның бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, вакцина алмаған студенттерге жатақханаға орналасуға тыйым салынады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

«Бөгде адамдардың кіруіне тыйым сала отырып, COVID-19-ға қарсы вакцина алған студенттер (18 жасқа толмаған, сондай-ақ тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және кейінгі үш ай ішінде коронавируспен ауырған студенттерді жатақханаға орналастыруға жол беріледі) жатақханаға орналастырылсын», – делінген аталмыш қаулыда.

Оқу жылы басталғанға дейін  вакцинаның толық компонентін алып үлгермеген студенттер екпенің екінші дозасын оқу орны орналасқан аумақтағы медицина ұйымдарында алуына болады.

Ал шетелдік студенттер тұрғылықты елдің уәкілетті органы растаған COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық дозасын алған жағдайда ғана Қазақстан аумағына оқуға кіргізіледі.

«Шетелдік студенттер шекарадан өткеннен кейін 3 тәуліктен кешіктірмей ПТР әдісімен алынған COVID-19-ға тестілеудің теріс нәтижесі бар болған жағдайда күндізгі оқу форматына жіберілсін», – деп жазылған қаулыда.

Сонымен бірге студенттерге университетке Ashyq қосымшасы арқылы кіруге рұқсат етіледі. Бұдан бөлек ұстаздардың, персонал мен білім алушылардың дене қызуы күн сайын өлшенеді.